Сотталушының адвокаты Сержан Пірәлиев үкім әділетсіз деп есептейді
Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұған дейін сержант Айбек Нұртаевқа шыққан үкімнің күшін жойып, оны кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін Шымкент гарнизоны әскери сотының үкімімен сержант Нұртаев ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 1-тармағындағы және 451-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Сот алқасы осы үкімді қайта қарап, Нұртаевтың «өз-өзіне қол жұмсағаны туралы іс расталғанын» хабарлайды.
Сот материалдары бойынша, 2022 жылдың тамыз айында сотталушы әскери қызметшілер Қарулы Күштердің жарғысын бұзып, нарядтағы бекеттерді өз еріктерімен ауыстырғанын анықтаған.
«Осы себепті пайдалана отырып, сотталушы Нұртаев қатардағы жауынгерден ақша қаражатын бопсалап, өзінің банктік шотына аударуын талап еткен. Сондай-ақ, Нұртаев шекара заставасының аумағында спирттік ішімдіктер ішкен үш әскери қызметшіні анықтап, өзінің қызметтік өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, оларға дене жарақаттарын келтірген. Кейін сотталушы жоғарыда аталған жағдайды пайдаланып, жүйелі және негізсіз түрде, әскери қызметші Бекбол Мираштың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау арқылы оны өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді. Ұсынылған дәлелдер айыпталушының кінәсін дәлелдейді. Сот алқасы Нұртаевты жеті жылға бас бостандығынан айырды», – деп хабарлады әскери сот.
Шекарашы Мираш Бекбол 2022 жылдың 19 тамызында ҰҚК Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген жерінен асылған күйде табылған. Күдікті ретінде сол жердегі келісімшарт бойынша әскери қызметкер Айбек Нұртаев танылған.
Сотталушының адвокаты Сержан Пірәлиев үкім әділетсіз деп есептейді. Ол жыл басында сот кезінде сараптама тағайындалып, қайтыс болған сарбаздың аузынан, іш киімінен шәует табылғанын жария еткен еді.