Марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары үндеу жасады
Марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары қасіретті күндерде қайғыларына ортақтасқан ел тұрғындарына ресми үндеу арнады. Үндеуді бұған дейін Салтанаттың ағасы Қайрат Нүкеновтен сұхбат алған журналист Болат Аманбаев жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Үндеуде туған-туыстары Салтанаттың айуандықпен өлтірілуіне байланысты көңіл білдірген халыққа шын жүректен алғысын жеткізеді.
«Сіздердің жазған қолдау пікірлеріңізді, шалған қоңырауларыңызды, хабарламаларыңызды, білдірген көңілдеріңізді көріп отырмыз. Біз зорлық-зомбылық пен адам өліміне төзбейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан осы оқиға республика тұрғындарын дүр сілкіндірді. Салтанаттың қазасы әлсіз адамдарға жасалатын әлімжеттікке қарсы күрестің символына айналды. Марқұм қызымыздың топырағы суымай жатып, әлеуметтік желілерде әртүрлі алып-қашпа әңгімелер мен өсектер тарай бастағаны жанымызға қатты батты», – делінген үндеуде.
Салтанаттың туған-туыстары кейбір журналистер мен блогерлер осы оқиғадан өздеріне арзан абырой мен жалған атақ жинауға көшкенін атап өтеді. Осыған байланысты «әулеттің қандықол қылмыскердің туыстарымен ымыраға келіпті деген қанқу сөздер шыңдыққа сәйкес келмейтінін» айтады.
«Біз ешкімді кешірген жоқпыз. Мыңдаған адам қайғымызға ортақтасып, шын көңілдерін білдіріп, бізді жұбатып жатыр. Аса қатігездікпен жасалған бұл қылмыстық істі жеке бақылауына алған ел Президентіне ерекше алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі күні тергеу органдары тарапынан қылмысты ашу бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Президенттің пәрменімен бұл оқиға ерекше тергелетін іс болып тіркелді. Қазіргі уақытта сол түнгі қылмыстың қалай өрбігені бүге-шігесіне дейін нақтылануда. Біз осы қылмыстың куәгерлері бар және олар қылмысты ашуға көмектеседі деп сенеміз», – дейді Салтанаттың туған-туыстары.
Салтанаттың туыстары егер қандай да бір осы қылмыс туралы ақпараттар мен айғақтарды білгендерге полицияға немесе қорғаушылар И. О. Вранчев және Ж.М. Оразбақоваға хабарласуыңызды сұрайды.
«Егер сіздің қылмыстық іске қатысты маңызды ақпаратыңыз болса, бірақ жеке басыңыздың қауіпсіздігі үшін секеміңіз болса, сізге заң жүзінде мемлекет тарапынан қорғау кепілдігі болады. Елімізде осындай жан түршігерлік қылмыстарға төзбеу қағидасын ұстанып, біздің әулеттің қайғысына ортақтасып, жаны күйген жұртшылыққа, күйзелген көпшілікке ризашылығымызды білдіреміз», – делінген Нүкеновтер әулетінің үндеуінде.