Сот үкім шығарды
Пара алды деп айыпталған саясаткер Нұржан Әлтаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әлтаев 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқара алмайды.
Оған қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде ақша түрінде пара алу) бойынша айып тағылған еді.
«Сот үкімімен экс-вице-министр Әлтаев ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқара алмайды», – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сот процесі басталған кезде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әлтаевқа қандай айып тағылғанын хабарлады.
«Нұржан Әлтаев 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам (115 мың АҚШ доллары және 8 млн 150 мың теңге) қаражат алды деп айыпталып отыр», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2023 жылдың 7 маусымында экс-вице-министр Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстады.