Министр Ғани Бейсембаев белсенді мұғалімдерге көрсетіліп жатқан қысым жайлы айтты

Qaz365.kz редакциясы

Министр мұғалімдерді жауапқа тарту туралы арыз жазылғанын растады

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Педагогтер биыл министр ауысқалы еңбек жағдайы қиындағанын және оны сынағандар полицияға шақырыла бастағанын айтып дабыл қағып жатыр. Министр өз ведомствосынан құзырлы органдарға мұғалімдерді жауапқа тарту туралы арыз жазылғанын растады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Azattyq TV-ға сілтеме жасап.

«Өкінішке қарай, ескі аппарат басшысы менімен ақылдаспай, бұл хатты өз атынан жіберген. Оның орнына жаңадан тағайындалған аппарат басшысына хатты қайтарып алуды тапсырдым. Мұғалім қандай қателік жіберсе де, министрлік қысым көрсетпеуі тиіс. Сондай тапсырмам бар. Мектеп басшыларына да қайталап айтып отырамын. Ешқандай мұғалімге қысым көрсетілмеуі тиіс. Әрине, оның орындалуы әртүрлі болуы мүмкін», – дейді Ғани Бейсембаев.

Ол жаңадан келген аппарат басшысына елімізде мұғалімдерге қандай қысым көрсетіліп жатыр, қай директор мұғалімді сотқа беріп жатыр деген тізімді жасақтауды тапсырған.

Бұған дейін Түркістан облысындағы ардагер ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы жаңа министр келгелі сотқа жиі шақырылатынын айтқан еді. Соның ішінде көктемде Оқу-ағарту министрлігінің аппарат басшысы бес мұғалімнің үстінен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға шағым жазғанын еске салған еді.

Айта кетейік, ақырында бір топ мұғалім Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберуді сұрап, Президентке хат жазған болатын.  Жоғары жаққа хат жазған ұстаздар үш мәселені көтерген еді. Бейсембаев өз адамдарын жинап жатқанын, сосын жемқорлықпен күрескен ұстаздарды қудалаумен айналысып кеткенін, сосын құр уәдемен шаршатқанын айтқан.

Шілде айында  Тимур Әбілмәжінов жаңадан Оқу-ағарту министрінің аппарат басшысы болып тағайындалған. Оған дейін бұл қызметті Дулат Жекебаев атқарған. Арыз осы аппарат басшысының тұсында жазылған.