Бетперде таққан адам мұқтаж әйелге жаңа көлік сыйлап, кредитін жауып, баласын емдетуге жіберді

Qaz365.kz редакциясы

Бетперде таққан адам тағы бір отбасыға жәрдемдесті

Видеодан скриншоттар

Бетперде таққан белгісіз азамат мұқтаж қазақстандықтардың армандарын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол жаңа шығарылымында кәмелетке толмаған 2 баласы бар Динара есімді жалғызбасты ананы қуантты. Әйелдің кенже ұлы сал ауруымен ауырады. Динара екі жұмыс істейді, көлік жалдап, такси қызметінде істейді және техникалық қызметкер ретінде қосымша табыс табады. Мұқтаж отбасының бірнеше кредиті де бар.

«Таңертең баламды емдеуге апарамын. Түсте техникалық қызметкер болып істеймін, кешкісін жалға алынған көлікпен таңғы сағат бес-алтыға дейін такси қызметіне шығамын. Өзімде зоб. Баламды апармаған жерім жоқ, массажын өзім де жасаймын. Сөйтіп тұрғызған балам, құдайға шүкір, қазір өзі тамағын ішеді, кіші дәретке барады», – деді Динара.

Бетперде таққан адам мұқтаж анаға жаңа көлік сыйлап, несиесін жауып, баласын емдетуге қаражат берді. Жалғызбасты ана қуаныштан көз жасына ерік берді.

Видеоға пікір жазғандар арасында бетперде таққан адамның кім болғанын білгісі келетіндер көп.

«Түріңді көрсетпейсің, осындай жақсылық істейсің, жарайсың, ең жақсы көретін блогерім сен!», «Кім болсаң да, Алла разы болсын саған!», «Бұл жақсылық жасаушы жан кім болды екен?», «Менің ойымша, бұл белгілі азаматтардың бірі болуы мүмкін» деп жазды қазақстандықтар.