Депутат министр таныстырған заң жобасының нәтиже беретініне сенбейді
Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген, биыл қыркүйекте Өнеркәсіп және құрылыс министрі болған Қанат Шарлапаев бүгін Мәжілісте депутаттардан сөз естіді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министр бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған. Сол сәтте депутат Елнұр Бейсенбаев үнсіз қала алмады.
«Құрметті министр, сізге дейінгі министр Қайырбек Өскенбаев осы заң жобасын Мәжіліске 2021 жылы таныстыруға әкелген кезде тұрғын үй кезегінде тұрған 240 мың адамды тазартамыз деген. Екі жарым жыл өтті. Соның репликасын қайталап отырсыз. Ол тізімді тазарта алмайсыздар. Баспана басқармасында еңбек еткен адам ретінде айта аламын. Екі жылдан бері кезекте тұрған адамдардың саны азаймақ түгілі 200 мың адамға көбейген», – дейді Елнұр Бейсенбаев.
Ол мұндай тенденция кете берсе, кезекте тұрғандар саны 1 миллион адамға көбейетінін айтты. Елімізде осы күні бірде-бір ипотекалық бағдарлама жоқ екен.
«Заңнама жақсартылғанымен, қазіргі әдіспен баспана кезегін азайту мүмкін емес. Мәселені қалай реттегелі отырсыздар? Республикалық бюджеттен ақша сұрайсыздар ма? Әлде, жемқорлардан тәркіленген ақшаны жұмсау керек пе?» – деді депутат.