«Мен оны танымаймын, ондай жігіттің барын да білмеймін»: Балғынбек Имашев «Дикий Арман» туралы айтты

Qaz365.kz редакциясы

Айтыскер ақын арнау арнаған адамын танымайтын болып шықты

Фото: ашық дереккөздерден

Бір кездері «Дикий Арманның» алдына барып, «Арман батыр» деп арнау айтқан айтыскер ақын Балғынбек Имашев оны танымайтын болып шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Мен оны танымаймын, ондай жігіт бар екенін білмейді екенмін.  Түркияға Айнұр Тұрсынбаеваға барғанбыз. Айнұр тұсаукесерге, одан қалды шұжық шығарғанда шақырды. Өйткені Айнұрдың күйеуі сол Арманның жолдас жігіті екен. Сондай бір іс-шараларда кездесіп қалғаным болмаса, «Арманға барды» деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Бірнеше рет әңгімелестік, сондағы ойым уағыз айту еді, сөйтсем, өзіме уағыз айтып жіберді, қалай дегенмен талайды көрген ғой. «Камерада, суықта мені сақтап қалған – Құран. Құранды оқи бердім, оқи бердім» дегені есімде. Араб тілін үйреніп жүрген екен, қазаққа пайдам тисе деген ойын айтты. Ішіндегісін білмеймін, бірақ сөзіне қарап, қазақ деп жүрген жігіт екен ғой деп ойладым», – деді Балғынбек Имашев TALK LIKE бағдарламасында.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Балғынбек Имашевтің осыдан үш жыл бұрын «Дикий Арманның» алдында арнау айтып тұрған видеосы бар. 

«Адамзаттың ақылы талғамда тұр, 18-ші қабаттан биік шығып, абадандар, мінекей заңғарда тұр. Осындай азаматтар құрметіне, Балғынбек жырдан шашу арнап жатыр.  Бодан болып, арманы өлген қазағымның арманын тірілтті ғой Арман батыр», – деп арнау айтқан.

Еске салып өтейік, «Дикий Арман» лақып атымен танымал Арман Жұмагелдиев былтыр «Қаңтар оқиғасынан» кейін қамауға алынған. Арада 1,5 жыл өткенде оның ісі сотқа жеткізілді. Істе одан өзге 41 адам бар.