Ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды
“Дос-Мұқасан” тобының солисі, танымал әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков дүниеден озды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мейірбеков Ақжол Нұсқабекұлы 1950 жылы 26 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында туған. Ташкент музыка училищесін, Ташкент ауыл шаруашылық институтын бітірген. Алғаш рет Ташкентте өткен «Алло, біз таланттарды іздейміз» телебайқауына қатысып, жүлдеге ие болған. «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамында әнші болып, Бүкілодақтық, дүниежүзілік және халықаралық фестивальдер мен байқауларға қатысып, лауреаты атанған. Кейіннен Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның «Арқас», «Сазген», «Адырна» ансамбльдерінің әншісі болды. 1994-1996 жылдары «Гүлдер» ансамблінің директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған. Бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі.