Депутаттың күйеуінен жүкті болған оқушы қыз: Оқиғаның жантүршігерлік мән-жайы белгілі болды

Qaz365.kz редакциясы

Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жағдай

Фото: ашық дереккөздерден

Осыдан бір апта бұрын Жамбыл облысында 12 жасар қыз депутаттың күйеуінен жүкті болып қалған деген ақпарат қоғамды дүр сілкінтті. Азғындықтың құрбаны болған қыздың анасы бұл жағдайға қатысты жантүршігерлік ақпаратты бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жәбірленуші қыздың жасы қазір 14-те. Анасы және 16 жастағы ағасымен бірге Жамбыл облысы, Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында тұрады. Биыл колледжге түскен ағасы үшінші топтағы мүгедек. Әкесі кісі өлтірді деген баппен сотталған. Кейіннен басқа асыраушысы болған. Бірақ 2015 жылы қайтыс болған. Қазіргі кезде ресми түрде ешқандай некеде тұрмайды.  Оқушы қыз 2018-2022 жылдар аралығында Саудакент селолық округіндегі Байқадам атындағы мектеп-интернатта оқыған. Анасы қызын ақшасы жетпегендіктен ауылға жіберген. Былтыр анасы қызын Жаңатастағы Абай атындағы мектеп-интернатына ауыстырған. Сол уақытта ол аяғы ауыр болыпты. Бір жыл осы мектепте білім алған. Кейіннен қылмыстық із қозғалған соң, Таразға ауыстырған. Білім басқармасы мен құқық қорғау органдары осылай қауіпсіз болатынын айтқан.

Оқушы қызды зорлаған деген айыппен 55 жастағы күдікті ұсталған. Анасының айтуынша, кемі үш рет азғындық жасаған. Аяғы ауыр екенін тек жаңа жылдың қарсаңында айтыпты. Сол кезде жүктілік мерзімі шамамен алты ай болған. Жүктіліктің 6 айлығында оқушыны мектеп қызметкерлері Жаңатастан Қаратау қаласына алып кеткен. Сол жақта ақшасын мектеп басшылары өздері төлеп, баланы алдырып тастаған. Операция жасатқан дәрігердің түрін қыздың анасы көрмеген. Ешқандай құжат түрінде түсік жасалғаны тіркелмеген.

«Гинеколог жүктілік мерзімі біраз болғанын, сондықтан аборт жасау оңайға соқпайтынын айтқан. Түсіктен бұрын толғақ шақыратын дәрі берген», – дейді қыздың анасы.

Құқық қорғау органдарының алдын ала мәліметі бойынша, директор мен мұғалімі оқушының жүкті екенін білген. Қаратаудағы жекеменшік клиникаға түсік жасауға ақшаны өздері төлеген. Қыздың анасының айтуынша, сома 500 мың теңгені құраған. Тергеу кезінде осы жайтқа қатысы барлардың бәрі мұны мойындаған.

Қыздың шешесі полицияға тек 2023 жылдың мамырында ғана хабарласқан. Күдікті алғашында әртүрлі сыйлықтар беріп, тіпті телефон да әперіп өзіне тартқан. Ал аяғы ауыр болғанын естігенде қорқыта бастаған.

«Полицияға бірден арыз жаза алмадым. Егер шағымдансаң, үлкен ұлыңды балалар үйіне алып кетемін деп қорқытты. Сосын ешкімге тіс жарма, 18 жасқа толғанша ақша төлеп тұрамын деді. Қолхат жазып бер деп айтты. Кейін тергеу кезінде бізді беттестірді. Сонда «саған енді көмектесе алмаймын, мен айтқан келісімге келмедің» деді», – дейді қыздың анасы.

Қызды күдіктімен бірінші қабатта тұратын көршісі таныстырған көрінеді. Қыздың анасы мүгедек ұлының жәрдемақысымен күн көретінін айтады. Адам өлтірді деп сотталып, жазасын өтеп жатқан күйеуімен ажырасып кеткен. Көршісі қызы таныстырған адамының үйінде жұмыс істеп, ақша тапсын дегенді мақсат тұтса керек.

Күдіктінің әйелі сондағы балабақшалардың бірінің директоры және аудандық мәслихат депутаты. Күйеуі қамауға алынғанға дейін сол балабақшада күзетші болып істеген. Депутат әйел тілшілерге күйеуінің қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетуіне көмектеспейтінін, ажырасуға өтініш беретінін айтты.

«Менің екі қызым, төрт жиенім бар. Күйеуім – ересек адам. Өз әрекетіне өзі жауап береді. Құқық қорғау органдары тергеуден кейін шешім шығарады. Мен ажырасуға өтініш беріп қойдым», – дейді ол.

Қыздың анасы күдікті қызын алғаш үйіне апарып зорлаған деп отыр. Әйелі таңнан кешке дейін балабақшада жүреді. Сол кезде азғындық әрекетін жүзеге асырып отырған.

Анасының айтуынша, ер адам оқушы қызға түсік жасатқаннан кейін де маза бермеген. Анасы үйінде ауырып жатқан кезде ол қайтадан келіп, қызды өзімен бірге алып кетті дейді. Сонымен қатар телефон, көйлек алып бердім деп міндетсінген көрінеді.

Жәбірленуші қыз қазір Таразда оқып жатыр. Анасы осы оқиғадан кейін қызын тұйықталып қалды деп отыр. Ал ұлын біреулерді жібертіп, ұрғызды дейді. Енді қыздың анасы істің ұзаққа созылып бара жатқанын, күдікті заңға сай тиісті жазасын алғанын қалайды. Өзі де келесі жылы Таразға көшкісі келеді. Елдің көзіне түсе беруді қаламайды. Оның үстіне, қорқыту көп екен.

«Түннің бір уақытында танымайтын біреулер келіп, арызыңды ал, әйтпесе ұлыңды аямаймыз деп қорқытады. Баламды жаздан бері үш-төрт рет ұрып кетті», – дейді ол.

Қазір 7-сыныптағы жасөспірімге азғындық жасады деген күдікпен аудандық мәслихат депутатының күйеуі қамауға алынды. Полиция қылмысты дер кезінде хабарламаған білім саласының қызметкерлеріне қатысты іс  қозғады. Айыпталушының кінәсі дәлелденіп, қамаққа алынды. Іс сотқа жіберілді. Сондай-ақ мектеп басшылығына қатысты ҚР ҚК-нің 434-бабы («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша іс тіркелген.

Айта кетейік, депутаттың адвокаты қарамағындағы тұлғаның аты-жөнін атағаны үшін жәбірленуші мен журналистерді сотқа беретінін айтқан. Qaz365.kz редакция адвокатқа осы мәселе бойынша хабарласты, алайда ол жауап беруден бас тартты.

Еске салайық, Жамбыл облысында 12 жасар қыз депутаттың күйеуінен жүкті болып қалғаны хабарланған болатын.