Хостелден өрт шығып, 13 адам қаза болды
Алматыда өрт шыққан хостелдің жұмыс істегеніне бар-жоғы бір жарым ай болған. Бұл туралы Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Хостел әкімшілігінің сөзіне қарағанда, мұнда шетелдіктер тұрған. Өзбекстан, Пәкістан, біздің елдің азаматтары болған. Адамдар өрт болған кезде ұйықтап жатқан. Өртке қазір не себеп болғаны әлі белгісіз. Анықтап жатырмыз. Зертханасыз қазір өртке не себеп болғанын айта алмаймыз», – деді ол журналистерге берген жауабында.
Оның сөзінше, қалалық ТЖД 13-27 қараша аралығында «Жатақхана» акциясын өткізген. Алматыда акция бойынша 300-ге тарта жатақхана тексеріліп, алдын ала жұмыстарын жүргізіп, ақпараттандырып, жадынама таратылған.
«Өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғаны турасында бірқатар кемшілік анықталған. Бұл хостелдің жұмыс істеп тұрғанына бар-жоғы бір жарым ай болған. Әкімшілігі солай деп отыр. Жалпы жертөле аумағын жатақхана ретінде пайдалану заңсыз. Автоматты өрт сигнализациясы бар. Ол ойнаған», – дейді ол.