«Аманат» фракциясы бұл нормаға үзілді-кесілді қарсы. Айдос Сарым Балаеваға өтінішін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Бірақ министр ешқандай құқық бұзылмайды деп сендіруге тырысты

Фото: parlam.kz

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Масс-медиа туралы» заң жобасын таныстырған. Депутат Айдос Сарым заңда көзделген баспасөз картасына қарсы шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол жақында Алматыда Қазақстанның медиа нарығын дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы XV «Media Құрылтай 2023» салалық конференциясына қатысқанын, сол жердегі ұсынысты аманатқа қиянат жасамай айтып берді.

«Медиақауымдастық өкілдері Үкімет ұсынған заң жобасындағы баспасөз картасына қатысты наразылығын ашық айтты. Журналистердің пікірінше, бұл норма журналистерді алалауға, бөлуге алып келуі ықтимал. Бұл журналистердің құқығын шектеуі мүмкін. Қоғамдық палата мүшелері де баспасөз картасы журналистердің еркіндігі мен ақпарат алу мүмкіндігін шектеуге бағытталған норма деп отыр. Біз, «Аманат» фракциясы, бұл нормаға үзілді-кесілді қарсымыз. Мұндай құйтырқы форматтағы шектеуді енгізуді қою керек деп санаймыз. Осыған орай Мәжілістегі «Аманат» фракциясының депутаттары өз алаңдаушылығын білдіріп, салыстырмалы кестеден оны алып тастау туралы өзгерістер ұсынған. Осы нормаға салалық министр ретінде көзқарасыңыз қандай?» – деп сұрады Айдос Сарым.

Бірақ министр ешқандай құқық бұзылмайды деп сендіруге тырысты. Керісінше, журналистердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған норма дейді.

«Белден басып, тек өзіміздің нормамызды енгіземіз деген жоқ. Ең басты заң жобасы, жалпы заң журналистердің мүддесіне, статусын арттыруға бағытталған. Сондықтан, оны бірге қарайық», – дейді ол.