Депутат мемлекеттік БАҚ-тағы қолбайлауды шектеу қажеттігін айтты
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды. Талқылау кезінде депутат Мақсат Толықбай мемлекеттік БАҚ дегенді үкіметтік БАҚ деп түсініп жүргенімізді, тек мақтаудан аса алмай қалғанымызды айтты. Отырыстан кейін мәжілісмен тілшілерге мұндай қолбайлауды шектеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Көптеген ақпарат құралдары әлі күнге дейін Үкімет пен министрліктерді ашық сынай алмай жатыр. Президент жемқорлық, олигополияға қарсы терең зерттеулер керектігін айтты. Соны жазуға біздің мемлекеттік ақпарат құралдарының шамасы жетпей ме? Жетеді. Бұл жерде цензура бар. Қолбайлауды тоқтатуымыз керек», – дейді Мақсат Толықбай.
Оның айтуынша, сондай кезде мемлекеттік тапсырысқа тәуелсіз ақпарат құралдары да қатыса алады. Одан кейін заң жобасында ең қатты сыналған пресс карта туралы айтты.
«Пресс картаны алудағы ең қатал талап – журналистика факультетінің түлегі болуы керек. Бізде журналистика мамандығын төрт жыл оқымай-ақ, редактор болып отырған мүйізі қарағайдай журналистеріміз бар. Оның үстіне, сол пресс картаны беретін комиссия министрліктің жанынан құрылады. Ертең шенеуніктерге ыңғайсыз сұрақтар қойған біздің әріптестеріміз қудалауға ұшырап жүрмей ме? Сосын Түркияны мысал ете береді. Түркия сөз бостандығы рейтингісінде Қазақстаннан әлдеқайда төмен. Ондай елден үлгі алатындай не күн туды? Бұл жерде де алалау бар секілді», – дейді депутат.