Ринат Зайытов Бекболат Тілеуханның айтысқа қатысты айтқан сөздеріне жауап берді
Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытов Бекболат Тілеуханның бірнеше жыл айтысқа көмектестім деген сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Нақты дерекпен айтайын. Ол кісілер айтысқа 2009 жылдан кіре бастады. Сөйтіп, «Аруақ жар болсын!» деп сөйлейтін ақындар тізімнен сызылатын болды. Есесіне, Түркістанды «шірікстан» деп айтатын ақындар пайда болды. Ол кісілер тізгінді қолға алған соң, ақындар сұрыпталып, өздеріне ыңғайлылары ғана қатысатын болды. Бірнеше рет «Алтын домбыра» айтысын өткізді. Соның біреуі даусыз аяқталған емес», – дейді Ринат Зайытов «Adal Adam» бағдарламасына берген сұхбатында.
Осы ретте еске сала кетейік, 2011 жылдың 2 мамырында Алматы қаласындағы Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен айтыста қарағандылық ақын Түркістанды «шірікстан» деген болатын.
Оның айтуынша, Қайрат Сатыбалдының арқасында Бекболат Тілеухан айтысқа толық үстемдік жүргізе бастаған.
«Жүрсін Ерман аға бұрын ықпалы жүретін жерлері сөзі өтпей қалды. Жалғыз Қайрат Сатыбалды емес, Nur Otan партиясында жүргенде Бауыржан Байбек те қосылатын. Ол айтыстың алдында келіп, нені айтып, не айтпау керектігін ескертеді екен. Мен бір қатысқан айтысқа сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының өкілі: «Жігіттер, көкпар туралы сөз қозғамай-ақ қойыңдаршы» дейді. Оған «бізге не айтатынын сен шешетін кімсің?» дедім. Өйткені ұлттық спортты Бекболат Тілеухан басқаратын», – дейді айтыскер ақын.
Айта кетейік, 2018 жылы Көшпенділер ойынында Қазақстан Өзбекстаннан жеңіліп, Қырғызстанмен кездеспей қалған. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырып, Бекболат Тілеуханға да біраз сын айтылған.