Назарбаевтың жаңа кітабы жарыққа шықты
Бүгін экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты жаңа кітабы жарыққа шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабында жазуынша, ол өзі қатысқан Президент сайлауларында лайықты қарсыластары аз болған.
«Сайлауларға лайықты қарсыластар қатыспаса, олардың нағыз тартыссыз өтетіні белгілі. 1999 жылғы сайлауға Серікболсын Әбділдин түскен еді. Сонда ол қарсы электоратты пайдалана біліп, 11 пайыз дауыс жинаған. Одан кейінгі сайлаулар, өкінішке қарай, елеулі қарсылассыз өтті. 2011 жылғы президенттік сайлауда өз кандидатурасын ұсынғандар арасынан компартия өкілі экономика секторын қайтадан бөлуден басқа ешқандай жаңа идея айта алмады, «жасылдар» партиясының өкілі айналадағы ортаны қорғау, ауылды көркейту керек дегенмен ғана шектелді. Екеуінің де алған дауысы 1 пайыздың о жақ, бұ жағында болып шықты. Расында да, келмеске кеткен кешегі кезеңді көксейтін коммунистердің сөзіне ере қоятын адам аз бүгінде», – деп жазды Назарбаев.
Экс-Президент сайлауға түскен қарсыластары арасынан көбірек дауыс алған Ғани Қасымовтың бірқатар ойларын орынды санайтынын және оларды елді дамыту жолында ескергенін атап өтті.
Сондай-ақ Назарбаев өзі елді басқарған жылдағы оппозиция қызметінің сәтсіздігінің себебін атады.
«Басты себебінің бірі – экономикалық тұғырының әлсіздігі. Осылай жасаса, өмірді өзгертуге болар еді дегізетіндей нақты ұсыныстар дайындай алмайтыны. Ұсыныс дайындағанның өзінде де соны қалай орындау керек, оған қаражатты қайдан алу керек деген сұрақтарға жауап таппайтыны. (...) Тағы бір себебі – оппозициялық партияларды, қозғалыстарды, бірлестіктерді әдетте мемлекеттік қызметте жолы болмаған бұрынғы шенеуніктер басқаратыны. Атқа мініп жүргенінде ештеңе тындыра қоймағандардың қайтадан атқа мінгенде де жөнді шаруа жасай алмайтынын жұрт жақсы біледі», – деп жазды ол.