Сот Нұрлан Мәсімовке қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды
Павлодарда сот биыл тамызда сотталған Нұрлан Мәсімовтің апелляциялық шағымын қарады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
1 желтоқсанда Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Мәсімовтің апелляциялық шағымы бойынша қаулы шығарды.
«Бірінші сатыдағы сот Мәсімовке, Сирадизимовке қатысты шешімді алқабилердің қатысуымен қабылдады. Алқа бұл шешімді қолдайды, сондықтан үкім өзгеріссіз қалады. Евковичке қатысты үкім тек мерзімі бойынша өзгертілді», – деді судья.
Айта кетейік, іс бойынша тағы бір айыпталушы – кәсіпкер Евгений Левковичтің апелляциялық шағымын сот ішінара қанағаттандырды. Сот алқасының шешімі бойынша оған жеті жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі қысқартылды. Сот сотталушы Евковичтің Павлодар облысының Полиция департаментіне келтірілген материалдық залалды өтегенін ескерді.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығына қатысты сот үкімі шыққаны хабарланды. Нұрлан Мәсімовтің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.