Депутат заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен нысандар жайлы айтты
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жақында әріптесі Мақсат Толықбаймен бірге Түркістан облысына барып, заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен нысандарды аралаған еді. Ол көбісін бұрынғы әкім Өмірзақ Шөкеевтің адамдары алғанын айтып қалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл үлкен шу болғалы тұр. Бас прокуратураға да барып айттым, тексеруді сұрадым. Бір сыбыстарға сүйенетін болсақ, бұрынғы әкім Өмірзақ Шөкеевке қатысты адамдар осының барлығын істеген дейді. Біз тексеріп жатырмыз. Өзіміз күмәнсіз болған кезде ең бірінші далада қалып қалған, ұлттық өнерді ұстап отырған қолөнершілердің орны қайтарылуы керек. Ал оларды жан-жаққа қуып тастаған. Мәдениет үйін мүлдем шет жақта ескі ғимаратқа көшіріп тастаған. Ал қалаға салынған Мәдениет үйінен ресторан жасап жатыр дегенде жағамызды ұстадық. Сондықтан бұл бір күндік мәселе емес», – деді Ринат Зайытов «ADAL ADAM» youtube-арнасына берген сұхбатында.
Ол сол ғимараттарды қалалық әкімшілік сенімгерлік хатпен біреулерге беріп тастаған деп отыр. Неке сарайын сұлулық, массаж салоны, Visit орталықтан біреулер кафе, дүкен ашқан дейді. Ал Мәдениет үйінен мейрамхана ашып жатқан көрінеді.
Ринат Зайытов Түркістанға тексеруге барғанда бір «қызық» жағдайға тап болғанын айтты.
«Біз әкімдікке барсақ, қала әкімі, оның орынбасары, көмекшісі сол күні ауырып қалып қалған. Бәрі денсаулығына жарамсыз, сондықтан демалыста болды», – дейді депутат.