Өнер, қоғам қайраткері ретінде халыққа танылған тұлға
Өнер жолында өзінің жанкешті һәм тынымсыз еңбектерімен елге танымал болған театр тарланы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев ұзаққа созылған науқастан өмірден өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев 1965 жылы 17 маусымда Алматы облысы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбдіғалым Наймантаев "Нарынқол халық театрында" режиссер, ал, анасы Рафия Райжанова сол халық театрының актрисасы болып қызмет атқарған. Асқардың балалық өмірі сол театр іргесінде өтті. Халық театр сахнасына ең алғаш М.Әуезовтың "Еңлік-Кебек" спектакліндегі Еңліктің баласының орнына жөргектегі кезінде шыққан. Өзі режиссерлық кәсіппен мектеп қабырғасында жүргенде айналыса бастады. Мектеп сахнасында 6-сыныптан бастап Қ.Жетпісбаевтің "Бала мерген", С.Жүнісовтың "Жаралы гүлдер" сияқты бірнеше спектакльдерді сахналады.
"Алматы театр және көркемсурет" институтын "театр және кино актері" мамандығы бойынша оқып бітірген. Еңбек жолын М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында бастады. Театр сахнасында Ж.Тәшенов, И.Саввиннің "Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды" (Нұртаза), Ш.Айтматовтың "Ғасырдан да ұзақ күн" (Сәбитжан), М.Мақатаевтың "Қош махаббат" (Қасым), Ж.Аймауытовтың "Ақбілек" (Балташ) спектакльдерінде түрлі рольдерді сомдаған.
Қазақ эстрадасының сахнасында Асқар Наймантаев "Тамаша" ойын-сауық отауы, "Терісқақпай", "Аққу-Гәкку" комедиялық театрлары арқылы көпшілікке танымал болды.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырларын дәріптеуші ретіндегі "Бүгін менің туған күнім" атты концерттік жобасы дәстүрлі халық сүйген жобаға айналды. "Мұқағали атындағы сыйлықтың" құрылтайшысы болып, Мұқағали мұрасын дәріптеуге еңбек еткен жазушы, ақын, әнші, композиторларды марапаттады.
Ол эстрада өнерінің сахнасында "Ретро жұлдыздар шақырады", "Айтыңыз қабыл болсын", "Жаңа жылға – жаңа жұлдыздар" "Қазақша дискотека" сынды көптеген танымал жобалардың ұйымдастырушы-режиссері, сатира театрларының қойылымдарының, "Дайкпресс" баспасынан 2004 жылы мемлекеттік тапсырыспен шыққан сатиралық "Теріс кітап" жинағының авторы.
Асқар Наймантаев – "Сауап" медалінің, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағының иегері.
Көптеген тележобалардың, сериалдардың, сахналық қойылымдардың сценарийлерін жазды. Алматы қаласында өзінің "Таланттар мектебін" ашып, онда жас ұрпақты өнерге баулыды. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында ұстаздық етті. 2014 жылы "Астана" телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген "Домашние войны" сериалының, Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Оспанхан Әубәкіровтың "Терісқақпай" комедиясының желісімен "Ңөң" атты комедиялық думанның қоюшы режиссері болды.
2018 жылы Мұқағали Мақатев шығармасының желісімен “Аққулар ұйықтағанда” атты қысқаметражды көркем-поэтикалық, 2019 жылы “Вампир күйеу” атты комедиялық фильмдерді түсірді. 2020 жылы С.Мұқанов атындағы СҚО сазды драма театрының сахнасында “Меңдуана махаббат” атты комедияны сахналады.
Асқар Наймантаев тележүргізуші ретінде де “TamashaTV” арнасында “Бір ғанибет”, “Jastar TV” арнасында “Масқара шоу” хабарларын жүргізді. 2018 жылы студенттерге арналған “Конферансье - актер және көркемсөз шебері” кітабы мен “Алтын тордан шыққан ән” атты жинағы жарық көрді.
"Домашние войны", “Бастық боламын”, “ОрыStar в Шымкентте”, “Детектив әже”, "Туысқандар", "Бұйымтай", "Өсекшілер", "Внуки в ауле" комедиялық сериалдарында, Сатыбалды Нарымбетовтің "Аманат", Бақыттас Санитастың "Тезек" фильмдерінде басты рольдерді сомдады. Бірнеше пьеса, киносценарийлер, тележобалардың, аудармалардың авторы. 2020 жылы Алматы облысы Райымбек және Ұйғыр аудандарында "Хантәңірі" және "Қарадала" театрларын ашты. 2022 жылы "Алтын тордан шыққан ән", "Конферансье" , "Теріс кітап" атты кітаптары қайта басылып, жаңадан "Халық театрының қалта кітабы" атты кітабы жарық көрді.