Әйелімді алғаш ертіп келгенде анам қабылдамады – Асхат Тағыберген

Qaz365.kz редакциясы

Футболшы сүйгенін алғаш үйіне апарғанда анасы қайтарып жібергенін айтты

Фото: ашық дереккөзден

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен Шымкенттің «Ордабасы» клубының капитаны Асхат Тағыберген болашақ жұбайы Махаббатты ең алғаш үйіне таныстыруға апарғанда анасы қайтарып жібергенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Ол кезде екеуіміз де жаспыз. Бар-жоғы 17-18-деміз. Махаббат грантқа түсіп, Астанаға оқуға кеткен. Бір-бірімізден қашықта жүргендіктен қиналып кеттік. Сосын үйленеміз деп шештік. Қаржылық жағдайым мәз емес, әлі қосалқы құрамда ойнап жүргенмін. Негізгі құрамға алынбағанмын. Содан Махаббатты ертіп келгенмін. Анам: «Асхат, үйіміз әлі кішкентай, қай жерге тұрғызбақшысың» деп айтты. Ол кезде екі бөлмелі үйде тұратынбыз. Сыртқа шыққанда екеуіміздің көңіл күйіміз түсіп кетті», – дейді Асхат Тағыберген Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбатында.

Қазір Асхат пен Махаббат үлгілі отбасы. Астана қаласында тұрады. Аналары қасында. Әкесі футболшының жеті жасында дүниеден өткен. Алдында екі әпкесі бар. Үйдегі жалғыз ер адам болғандықтан, оған ерте есеюге тура келді.

Көктемде Дания қақпасына соққан голын капитан марқұм әкесіне арнаған болатын.