«Қазақтардың үлесі 35% ғана»: СҚО әкімін көші-қон мәселесі алаңдатып отыр

Qaz365.kz редакциясы

СҚО әкімі алаңдап отыр

Фото: kapital.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Теріскейге көш» ұранын көтеріп жүрген Бурахан Дақановты қабылдауға уәде берді. «Қазақтардың үлесі 35% ғана болғаны сізді алаңдата ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Алаңдатады. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар қандай? Қазақ мектептерді, қазақтілді үйірмелерді ашып, сыныптарды, балабақшаларды ашып жатырмыз. Қазақ тіліндегі әлеуметтік нысандарды ашып жатырмыз. Мемлекеттік жоспарларды қойып, ақырындап облыста жүргізіліп жатыр», – деді әкім.

Белсенді Бурахан Дақановты қабылдау мәселесін әкімге қойған сұрағында журналист Серік Жолдасбай көтерген. Ол Солтүстік Қазақстанда қазақ ұлтының саны 35 пайыз екені әкімді алаңдата ма деп сұрады. Әкім қазіргі уақытта өңірді қазақ мектептері мен балабақшалары ақырындап көбейіп келе жатқанын айтты. Бурахан Дақановты қабылдауға уәде берді. 

«Осы аптада міндетті түрде сол кісіні қабылдаймын», – деді әкім.

Әкім өңірде 6 аудан барын, 338 ауыл барын атап өтеді.

«Бірінші сыныпқа барған қазақ балалары көбейіп келеді. Ұйымдастырып жатқан шаралар мемлекет тапсырмасымен жасалып жатыр. Мектептер көбейіп, оңтүстік жақтан отбасылар келгеннен кейін бастауыш сыныптарда қазақ балалары көбейеді деп ойлаймын», – дейді әкім.