Әкім өңірдегі сепаратизм туралы айтты
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты барысында журналистер Солтүстік Қазақстандағы сепаратизм мәселесі жөнінде сұрақ қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Не себепті өңірден осындай үндер шығады? Облыс басшысы ретінде бұл сіздің жұмысыңыздың әлсіздігі емес пе?» – деп сұрады журналистердің бірі.
Бұл сұраққа жауап берген Ғауез Нұрмұхамбетов «сепаратизм мәселесі бар екенін» мойындады.
«Заңда сепаратизм мәселесі реттелген. Ол бұзылса, тиісті органдар шешім қабылдайды. Бақытымызға орай, мұндай жайттар жалпы елде сирек кездеседі. Біздің облысқа келер болсақ, жақында бір жайт болғанын білесіздер. Ашық сот процесінде өткен аптада ғана заңды бұзған ұйымдастырушыларға, сол қозғалыстың ұйымдастырушыларына үкім шықты. Бір ғана, осы қозғалыстың басты ұйымдастырушының фамилиясын атайын: ол – Зудерман. Ол 9 жылға сотталды. Тағы үш ұйымдастырушыға сот шешімі шығып, олар да 7 жылға сотталды», – дейді ол.
Әкімнің айтуынша, облыста Қазақстан халқы ассамблеясы, этномәдени орталықтар жұмыс істеп жатқанын, олардың басшыларымен кездескенін айтады.
«Олар алдын алу жұмыстарын атқарып, жағдайға мониторинг жүргізіп, қоғамда осындай сепаратистік жайттарды болдырмау үшін еңбектеніп жатыр. Әлбетте, бірінші кезекте, қазір күш құрылымдары мәселені бақылайды. Өкінішке қарай, осындай жайттар көрініс беріп, заң бұзылса, Петропавлда болған жағдайдағыдай азаматтар бас бостандығынан айыруға байланысты белгілі бір мерзімге сотталады», – деді ол.