ЖШС басшысы қамауға алынды
Ақтауда салымшылардың қаражатын қолды қылған «Багис» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Компанияның басшылары «Атамекен» тұрғын үй кешенінен пәтер алуға деп ақша төлеген салымшылардың сеніп тапсырған қаражатын қолды қылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Тергеу барысында ЖШС директоры 2017 жылдың наурызы мен 2022 жылдың қыркүйегі аралығында тұрғын үй кешені құрылысын аяқтау сылтауымен 119 үлескердің ірі көлемде 400 млн теңгеге жуық ақшалай қаражатын иемденгендігі анықталды. ЖШС басшысына қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», – деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде, қосымша сот сараптамаларын жүргізу күтілуде, оның нәтижелері бойынша күдіктінің іс-әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға беріледі.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.