2024 жылы Қазақстанда педагог тапшы болуы мүмкін – министр

Qaz365.kz редакциясы

Келесі жылы елде педагог тапшы болуы мүмкін

Фото:amanatpartiasy.kz

Елімізде педагогтерге деген сұраныс жылдан- жылға артып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы мұғалімдерге деген қажеттілік  3 мыңнан астам адамды құрайды.

«Министрлік осы кадр тапшылығы мәселесін жан-жақты зерделеді. Біздің алдағы 4 жылда бітіріп шығатын түлектермен педагогтерге деген сұранысты қамтамасыз етеміз деген болжам бар. Тек келесі жылы ғана педагог тапшылығы туындауы мүмкін. Бірақ біз оны биылғы жылғы бітіруші түлектердің және магистратура түлектерінің есебінен қамтамасыз етеміз. Осылайша біз педагогикалық кадрлардың қажеттілігін толығымен жабатын боламыз», – деді Саясат Нұрбек.

Министр педагогикалық бағыттарға гранттар саны 15 923 дейін жеткенін, ал студенттердің шәкіртақысы шамамен 3 есеге артқанын атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың стандарты және педагогикалық білімді модернизациялаудың тұжырымдамасы бекітілді.

Жоғары оқу орны оқытушысының стандарты қабылданды. Қазіргі сәтте «Жайлы мектеп» жобасы бойынша педагогтерді даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.