Саудагерлер депутаттан қол ұшын созуын сұраған
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева иелік ететін «Кенжехан» базарының саудагерлері депутаттардан көмек сұраған. Олардың арыздарын тыңдаған Нартай Аралбайұлы бүгін Мәжіліс отырысында Қаржы министрі мен Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бүгінгі депутаттық сауалыма әділетсіздіктің шырмауына шырмалып, шырғалаңнан шыға алмай қалған азаматтардың көз жасы себеп. Олар Алматының әйгілі барахолка базарында сауда жасайтын қандастар. Қақаған қыс пен ми қайнатар жазда, таң атысы, кеш батысы контейнерде отырып сауда жасауға мәжбүр жандарды өзін қожайын сезінген екінің бірі келіп тонап жатыр. Бізге жолдаған мына хатында «Кенжехан» базарының саудагерлері бар мәселесін тізіп жазған. Бүгінге дейін құзырлы орындарға қанша арызданса да, «күштінің дүмі диірмен тартады» демекші, қаналған қаржысын қайтара алмай келеді», – дейді Нартай Аралбайұлы.
Ол Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген арызда соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Әнипа Әбішқызы Назарбаева болғаны жазылғанын айтты.
«Қасындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай, тек контейнердің паспортын берген. «Келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар» деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда 1000-ға жуық контейнер бар, әрі қарай есебін шығара беріңіздер. Қолда бар арыздағы ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылдың 4 сәуірінде «Кенжехан» базарының 100 пайыз үлесі «Митра «консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткен. Бұл базар 640 миллион теңгеге сатылды делінеді. Жаңадан келген базар қожайындары саудагерлерге «контейнерлеріңді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деп талап қойған. Сонда ел 1 орынға 2 рет ақша төлеген. Амалсыз ақшасын берген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келісім» қағазы тапсырылған», – дейді депутат.
Ол келісімді сол базардағы нотаруисте жасауға міндеттеген және сол үшін әр саудагер тағы 43 мың теңгеден төлегенін айтты. Сонымен қатар әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген және бір тәртіп шыққан.
«Мұны шағымданған ел айтып отыр. Бұл сорақылық емес пе? «Төлемесе, контейнерлерді мөрлеп, жауып тастайды» деп ашынады жұрт. Саудагерлердің 3 талабы бар. Бір контейнерге 2 рет ақша төлеген жұрт бұрынғы немесе бүгінгі базар иесінде ақшаны қайтарып берсін дейді. Бір сауда орнына екі рет ақша төлеу ақылға сыймайды ғой енді. Екіншіден, ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығын тексеріп, шара қолданылсын деп отыр. Сонымен қатар «Кенжехан» базарын Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаменті тексерген, соның нәтижелерін Қаржы министрлігі ұсынсын», – дейді Нартай Аралбайұлы.
Ол жыл басында Қазақстанда 722 базар тіркелгенін, соның көбісінде заңсыздық толып жатқанын айтты. Себебі ол жақтағы саудагерлерден де арыздар келеді екен.
«Осы депутаттық сауалды дайындау барысында Барахолкадағы «Рахат және «Евразия» базарындағы саудагерлер де шағымдарын жеткізді. Сондықтан елдегі барлық базардағы заңдылықты тексеру керек деп есептеймін. Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз», – деді мәжілісмен.