"Олимп" ісі бойынша тағы бір күдікті Қазақстанға экстрадицияланды

Qaz365.kz редакциясы

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды

видеодан кадр

18 қарашада «OLIMP KZ» букмекерлік кеңсеcінің қызметімен байланысты қылмыстық топтың құрамында болған күдікті Германиядан Қазақстанға экстрадицияланған болатын. Бүгін оның сыбайласы Сербия Республикасынан экстрадицияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап. 

Күдіктіні Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және ІІМ-нің Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен елге жеткізді.

“Олар 2014-2019 жылдары қылмыстық топтың құрамында заңсыз құмар ойындарын өткізуге, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарғаны, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Аталған заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 86 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген”
, – делінген хабарламада.

Осыған байланысты күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, кейін оларға халықаралық іздеу жарияланған.

Қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Айта кетейік, фигурантты экстрадициялау Қазақстан мен Сербия арасындағы «Ұстап беру туралы» шарттың болуына байланысты мүмкін болды.