Сенат депутаты ақпараттық қауіпсіздік мәселесін көтерді
Сенатор Бибігүл Жексенбай ақпараттық қауіпсіздік мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, елде қорғаныс саласына қыруар қаржы бөлінгенімен, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі шешілмеген жерде, қорғанысқа қанша қаржы бөлсек те, оның ешқандай пайдасы болмайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутат цифрлық хабар тарату теледидарын енгізу мәселелеріне назар аударды. Қазақстанда тіркелген 83 телерадиокомпанияның 21-і республикалық деңгейде хабар таратады. Оның тек 15-і мультиплекске тегін еніп, хабар таратады. Ал, қазақстандық көрермендерге ұсынылған шетелдік телеарналар саны 300-ге жуықтады. Жоспар бойынша 2015 жылы бүкіл еліміз аумағы «цифрмен» қамтылуы керек еді, бірақ жоба 10 жылға ұзартылды. Сенатордың айтуынша, цифрлық технологиялардың арқасында облыс орталықтарында 30-ға дейін, шалғайдағы елді мекендерде 15 арнаға дейін хабар таратуға болады.
«Алайда әзірге мемлекеттік арналардан басқалары үшін мультиплексте хабар тарату арман болып отыр. Өңірлік, әсіресе шекаралық аумақтағы жекеменшік телеарналар одан орын ала алмайды. Себебі бағасы удай қымбат. Яғни жекеменшік арналардың дамуына өзіміз кедергі жасап отырмыз», – деді сенатор.
Депутаттың пікірінше, осы арада ауқымды мәселе туындайды. Бұл – ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Шекаралас елді мекендерде шетелдік ақпарат көзі үйреншікті болған. Мемлекеттік телеарналарды көрмейтін көрермендер Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің телеарналарын күндіз-түні көріп, жат елдің идеологиясын санасына сіңіруде. Сенатор көрші елдердің идеологиясы «сұр» табақшалар арқылы «көрші елдің идеологиясы елімізге еркін тарап, жас ұрпақтың санасын улап жатқанын, тіпті елге іріткі салып жататын жайттарға әкеліп жатқанын» көріп отырғанын айтады.
Қай ел екенін сенатор нақтылаған жоқ.
«Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне дұрыстап назар аударатын кез келді. Қазір цифрлық эфирлік теледидар Қазақстан халқының 92,66 пайызына қолжетімді екен. Алайда еліміз цифрлық хабар таратуға көшкенімен, өңірлердегі жекеменшік телеарналар бұрынғы бейшара күйінде қалып отыр. Ақпарат тарататын телеарна дамымаса, идеология да болмайды. Идеология дегеніміз тек Астана, Алматыда ғана емес, күллі өңірлерде жүргізілуі тиіс», – деп атап өтті сенатор.
Бибігүл Жексенбай жеке арналарға мультиплекстің бағасын төмендетуді және шекара маңындағы елді мекендердегі отандық телеарналардың тізімін кеңейтуді ұсынды.