Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ бала елге туған анасын іздеп келді

Qaz365.kz редакциясы

Бельгиялық қазақ туған анасын іздеп келді

Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ баласы ата-анасын іздейді. Бұл туралы журналист Олжас Беркінбаев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мына видеода ағылшынша сөйлеп, Сіздермен көмек сұрап отырған жігіттің есімі – Жәнібек, бірақ қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған. Ұлты – қазақ, 2002 жылдың 17 қаңтарында Арқалық қаласында дүниеге келген. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғызбасты анасы асырап алуға алып кеткен. Туған анамның үшінші баласы болуым мүмкін дейді ол. Фламанд тілінде өскен ол, қазақша не орысша білмейді. Есесіне, ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді. Осы күндері Астанада, өзінің туған әке-шешесін іздеп келіпті», – дейді Олжас Беркінбаев.

Ол кеше осы жігіт туралы пост жазып, артынан елдегі заңнамаға сәйкес, баланың өзі айтуы керек болған соң өшірген. Енді Жәнібектің рұқсатымен видеосын жариялап отырғанын жеткізді. 

«Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтап, жүрегімді тыншытсам болды дейді. Жәнібек мына видеоны бүгін неше рет түсіргенін білсеңіз ғой... Әлі толқып жүрмін, ана туралы ойласам, эмоциямды басқара алмай қаламын дейді. 20 желтоқсан Астанадан Испанияға ұшып кететін Жәнібек, баршаңыздан көмек күтіп отыр. Қазақстан тым алыс, енді қашан келерім белгісіз, мұнда түрім қазақ, тілім өзгеше, бәрі бір түрлі қарайды дейді. Мальоркада ол атбегілікпен айналысады. Жылқыны жақсы көреді екен», – дейді журналист.

Ол барынша таратып, қандасымызға қол ұшын созып жіберейік деп, елден көмек сұрады.

Еске сала кетейік, Жәнібек қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп өсірген.