Компанияның атауы ауыспақ
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атауы «Қармет» болып өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, компанияға бұрынғы атауды қайтарған орынды болады.
«Біздің пікірімізше, оған «Қармет» тарихи атауын қайтарған дұрыс болады. Өңір тұрғындары мен қызметкерлер бізді қолдайды деп ойлаймын», – деді министр.
Еске салайық, бүгін «АрселорМиттал Теміртауды» қазақстандық кәсіпкер, 44 жастағы Андрей Лаврентьев сатып алғаны белгілі болды. Жаңа инвестор компанияның қарызын өзі төлейді және барлық әлеуметтік міндеттемені орындайды.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ны мемлекет меншігіне қайтару келіссөздері аяқталды. АМТ екі кәсіпорнының құны 286 млн долларға бағаланған. Бірақ бастапқыда ArcelorMittal активтер үшін 3,5 млрд доллар сұраған.
11 раундқа созылған келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal мемлекеттік Qazaqstan Investment Corporation тікелей инвестициялар қорының «АрселорМиттал Теміртаудың» барлық металлургиялық кәсіпорны мен Ақтаудағы құбыр зауытын сатып алуы туралы келісімге келген.