«Ақ жол» депутаттары Үкіметке екі рет депутаттық сауал жолдаған
Бұған дейін Мәжілістегі «Ақ жол» депутаттары шетелдіктермен кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу келісімдерін (ӨБК) ашық жариялауды талап еткен. Алайда Әлихан Смайыловтың жауабы бұл жолы да депутаттар қалаған үдеден шықпады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әңгіме неден басталды?
Депутат Қазыбек Иса мұның алдында 30 жылдағы мұнай-газ, яғни стратегиялық кен орындарымен жасалған құпия келісімшарттарды ашық жариялап, қайта қарауды, халыққа тиімсіз, әділетсіз келісімдерді тоқтатуды «Ақ жол» көптен бері талап етіп келе жатқанын мәлім еткен еді. Оның айтуынша, шетелдіктермен кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу келісімдерін (ӨБК) ашық жариялау керек. Стратегиялық кен орындарындағы еліміздің үлесі 51%-дан аз болмауын заңмен бекіту керек. БАҚ-тан мысал келтірген Қазыбек Иса мәселен, «мемлекетке Қашағандағы мұнай мұхитынан тиетіні тамшыдай – 2 пайыз ғана!» дейді. Ал Қашаған Қазақстанда өндірілетін бүкіл мұнайдың 20 пайызын береді.
«Осы орасан мұнай кенішінен Қазақстанға түсетін пайда жоқтың қасы болса, бұл жерде ешқандай да инвестордың елге тигізер игілігі жоқ, бұл халық үшін қорлық келісім! Біз осы қорлыққа отыз жылға жуық төзіп келеміз! Біздің шекесі тар шенеуніктер шешіміне сай, жер қойнауының иесі – Қазақстан халқы шетелдіктердің өз меншіктерін қалай пайдаланып жатқанын білмеуі керек! Яғни, бар байлығыңды тонап жатқандардан «не істеп жатсыңдар?» деп сұрауға болмайды екен», – дейді ол.
Үкімет екі талаптан да бас тартқан
«Ақ жол» депутаттары Үкіметке құпия келісім шарттарын жариялауды талап етіп, екі рет депутаттық сауал жолдаған. Алайда Үкімет екеуінен де бас тартқан. Мұнымен шектелмей, мәжілісмендер екі рет Конституциялық сотқа жүгініп, Үкіметті Конституция нормасын орындауға міндеттеуді талап еткен. Конституциялық сот екі ретте де «бұл мәселе құзыретімізге жатпайды» деп жауап берген.
«Конституциялық сот неге Конституцияның негізгі бабын, басты талабын қорғамайды? Онда Конституцияға «Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі» деп не үшін жазып қойдық!? Халықтан жасырып, халық байлығын шетелге асырып отырғандардың атын білуге халықтың толық қақысы бар! Қара алтынымыз, мұнайымыз – экономикалық қан тамырымыз. Қанымызды кімдер қалай сорып жатқанын білуге қақымыз бар ма, жоқ па? Өзге елдердің соңында тезек теріп қалдық. Халық байлығын халықтан жасырған келісімдерді заңсыз деп танимыз!» – деген еді Қазыбек Иса.
Мәжілісмен Қаңтар қасіреті де, Қарағанды қайғысының да бір ұшын осы келісімдерден көреді. Келісімдерге аудит жүргізуді талап еткен.
«Аудит жүргізе алмаймыз»
Депутаттардың эмоцияға толы сауалына жауап берген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Солтүстік Каспий жобасы Қазақстан Үкіметі мен KMG Kashagan B.V., Agip Caspian Sea B.V., CNPC Kazakhstan B.V., ExxonMobil Kazakhstan Inc., Inpex North Caspian Sea, Ltd., Shell Kazakhstan Development B.V. және TotalEnergies EP Kazakhstan атынан мердігер компаниялар арасында қол қойылған 1997 жылғы 18 қарашадағы өнімді бөлу туралы келісім шеңберінде іске асырылып жатқанын хабарлайды. Ал Қарашығанақ жобасы бойынша Қазақстан Үкіметі мен «Бритиш Газ» (Шелл), ENI, «Шеврон», «Лукойл» және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компанияларымен де 1997 жылғы 18 қарашада келісімге келген.
«Жасалған ӨБК шеңберінде Үкімет келісімдерде көзделген барлық ережелерді орындау және тұрақтылыққа кепілдік беру бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Осы фактіні ескере отырып, Қазақстан заңнамасында немесе келісімдердің талаптарында ӨБтК-ге қатысты жалпы аудит жүргізу көзделмеген. Сонымен қатар, жобаның шығыс бөлігін бақылау үшін ӨБтК-нің стандартты нысаны мемлекет айқындайтын өкілетті орган институты болуын көздейді. Қазақстанда осы жобалар бойынша еліміздің мүдделерін өкілетті орган «PSA» ЖШС білдіреді», – делінген жауапта.
Ол келісімдер 2009 жылғы заңға дейін бекітілген
Бұрынғы келісімдердің мән-жайы осылайша, жабық болып отыр. Ал Қазақстан Үкіметі 2009 жылдан бастап «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңнама жер қойнауын пайдалану құқығын беретін келісімшарт түрі ретінде ӨБтК-ні көздемейтін, сондай-ақ келісімшарттардың мазмұнына ашық қолжетімділікті қамтамасыз етуді регламенттейтін заң шығарған. Ал Энергетика министрінің 2018 жылғы 11 маусымдағы бұйрығымен көмірсутектер мен уран өндіру саласындағы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың үлгілік нысаны бекітілген. Мұндай үлгілік келісімшарттың талаптары айқын және азаматтар үшін ашық қолжетімділікте болады.
«Алайда мұнай-газ жобалары бойынша ӨБтК жоғарыда аталған өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған болатын және Үкімет шетелдік инвесторларға ӨБтК ережелерін сақтау бойынша кепілдіктер берді. ӨБтК шарттарының тұрақтылығына кепілдік беру Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жай-күйіне оң әсерін тигізгенін және еліміздің мұнай-газ саласына шетелдік капиталдың едәуір көлемін тартуға мүмкіндік бергенін айта кету қажет», – делінген жауапта.
Әлихан Смайыловтың хабарлауынша, ӨБК жобаларынан түсетін табысты бөлу тараптардың тиісті уағдаластықтарында көзделеді. Шарттар барлық тараптардың жазбаша келісімінсіз өзгермейді. Бұл ретте Үкімет басшысы осы салада ірі және тәжірибелі инвесторларды тартпай, күрделі шығындарды талап ететін осындай ірі кен орындарын өз бетінше игеру қиындыққа соғатынын ескеру қажеттігін алға тартады.