"Есіктен есікке": Қазақстанда курьерлер есірткіні қалай жеткізеді

Qaz365.kz редакциясы

Нартай Аралбайұлы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен есірткі таситын курьерлер неге сотталмайтынын сұрады

news.liga.net

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен есірткі таситын курьерлер неге сотталмайтынын сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

"Кез келген іс-шараның санына емес, біз сапасына мән беруіміз керек. Осы жиынға дайындалар алдында есірткі қабылдайтын және одан беті бері қараған азаматтармен тілдестік. Олар телеграм арналардың адресі кез келген жерде жылтырап тұрғанын айтады. Осыны тоқтатуға бола ма? 11 мың теңге төлесең, телеграм арналардың әкімшілері есірткіні үйіңе дейін курьермен әкеп береді. Осыны шешудің жолы бар ма? Курьерлер  ұсталмайды екен. Осы құпияның сыры неде?” – деп сұрады депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Бұл сұраққа жауап берген Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елде есірткімен күрес жүргізіліп, жарнамасына тосқауыл қойылып жатқанын айтты.

"Біз бұл жерде OLX-та тараған жарнамаларды жойдық. Мониторинг барысында 6 мыңнан астам жарнаманы бұғаттадық. Бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы оқиғаларды білем. Бірақ арыз жазған кезде ол тексеріп жатырмыз. Кім екенін біледі. Жауапкершілікке тартылатын болады. Шара қабылдаймыз", – дейді ол.

Сәденов наркобизнеске қатысы бар полиция қызметкерлерін «сатқындар» деп атады.