Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Ақтөбеде мектепте 13 жастағы жасөспірім қайтыс болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қайғылы оқиға 27 мектепте болған.
«13 жастағы оқушысы үзіліс кезінде сынып ішінде партаға соғылып құлап, соққыдан есінен танып қалған. Мектеп тарапынан шұғыл жедел жәрдем шақырылып, бала ауруханаға жеткізілген. Ауруханадан суық хабар алынды», – деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Прокуратура мен полиция тергеу бастады.
«Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісінің хабарлауынша, 14 желтоқсанда сағат 11.55 шамасында Ақтөбе қаласының орталық балалар ауруханасында 7-сынып оқушысының қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Сыныптастарының айтуынша, оқушы партаға соғылып, жарақат алған», – деді облыстық прокуратурада.
Қазіргі уақытта оқиға болған жерде полиция басқармасының жедел-тергеу тобы мен Ақтөбе қаласының прокуроры жұмыс істеп жатыр.
ҚК-нің 141-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.