Атырау облысында жылусыз қалған ауыл тұрғындары үйлерін тастап кетуге мәжбүр

Qaz365.kz редакциясы

Ескі пешін бұзбағандар ағаш жағып жан сақтауда

Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысында бүтін бір ауыл жылусыз отыр. Әкімдердің уәдесіне сенген тұрғындар баспанасын тастап кетуге мәжбүр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Мақат ауданына қарасты ауыл тұрғындарының дені – теміржолшы. Қара суықта ауыл халқы отынның жоқтығынан жылусыз отыр. Өйткені әкімдердің көгілдір отынды қосамыз деген уәдесіне сеніп қалған. Шағын ауылдың тұрғындары 50-ге жеткенде жергілікті әкімдік іргедегі газ құбырынан ауылға көгілдір отын тартқан. Өмір бойы көмір жағып келген жұрт қуанғаннан бар ақшасын санап беріп, үйіне жағалай құбыр жүргізіп алыпты. Тіпті көмір пешін бұзып, үйіне жылыту жүйесін де орнатып тастаған. Алайда «қазан айында газ келеді» деп сендірген жауаптылардан сол күйі жауап жоқ.

 «Жылу берілгенше, «қазанның 15-іне дейін, ауылдарыңызға газ кіргізіледі, жүргізіледі» деп, әр үйге жүйесіне дейін кіргізіп қойды. 220 мың теңгеден үй басына ақша төледік. Енді міне, желтоқсанның он бесі болды, газ жүргізілген жоқ», – дейді ауыл тұрғыны Гүлсім Әділова.

Отынсыз отырған балалы-шағалы отбасылар амалсыз ауылдағы баспанасын тастап, аудан орталығынан үй жалдап жатыр. Ал от жағатын ескі пешін бұзбағандар тезек теріп, қалған-құтқан ағашты жағып жан сақтауда.

Алып-ұшып жеткен аудан басшыларының сөзінше, көгілдір отынның уақытылы берілмеуіне жобаны жасаған мердігер кінәлі. Олар жылу есептегіш құралын жобаға енгізбепті. «Енді бәрі шешілді, бүгін-ертең газды қосамыз» деп, наразы жұртқа тағы уәде берді.

 «Күні кеше Атырау қаласындағы «ҚазТрансгазАймақ» басшысына кіріп шықтым. 377-нің газын беру мәселесі бойынша. Бүгін не ертең бригада жіберіп, газды қосады», – деді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин.

Мақат ауданы әкімдігі теміржол бойындағы бұл елдімекенге көгілдір отын жүргізуге бюджеттен бар болғаны 13 млн теңге ғана шығындапты. Өйткені газ құбыры іргеден өтіп жатыр екен.