«Бас сүйегінде үлкен тесіктер болды». Салтанат Нүкенованың ағасы Бишімбаевты өмір бойына соттатқысы келеді

Qaz365.kz редакциясы

Нүкенованың ағасы Бишімбаевты өмір бойына соттатқысы келеді

Коллаж: Qaz365.kz

Астанадағы мейрамханалардың бірінде өлтірілген Салтанат Нүкенованың  ағасы Қайрат Нүкенов «Ертысбаев Live» youtube-арнасына берген сұхбатында тағы біраз деректерді айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол жуындыруға кіргенде қайтыс болған қарындасының мәйітінен біраз жарақаттарды байқаған. Денесінде жантүршігерлік белгілер бар екенін айтып отыр.

«Бұл туралы айту өте қиын. Дегенмен Бишімбаевтың отбасының мүмкіндігін жақсы білеміз. Сондықтан тәуелсіз фото-видео түсірілім болғанын қалаймыз. Біз қарындасымыздың денесін толық түсірдік. Бас сүйегінде үлкен тесіктер болды. Өз көзіммен көрдім. Денесінің барлық жері көгерген. Егер сот немесе тергеу экспертиза шешімімен келіспесе, онда біз осы фото-видеоларды ұсынамыз», – деді Қайрат Нүкенов. 

Оның айтуынша,  Бишімбаевты кешіруге, татуласуға еш құқығы жоқ. Қайта өмір бойына соттатқысы келеді.

«Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін оған ауыр айып тағылып сотталды, бірақ кешірім берілді. Арада 2-3 жыл өткенде тағы қылмыс жасап отыр. Пайдасы тимеді деген сөз. Сол үшін құқық қорғау орындарынан өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын. Себебі мұндай адам бостандықта жүрмеуі керек. Бірнеше жылдан соң қайта бостандыққа шықса, тағы да ауыр қылмыстар жасауы мүмкін. Мұндай адам қоғам үшін қауіпті», – дейді Салтанат Нүкенованың ағасы.

Еске салайық, бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды

Қылмыстық іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.