2023 жылы өмірден өткен танымал тұлғалар

Qaz365.kz редакциясы

Олардың арасында жазушы да, әнші де, саясаткер де бар

Qaz365.kz коллажы

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы. Өлмейтұғын артына із қалдырған». Өтіп бара жатқан жылы қазақ елі бірқатар алыптар мен тарланбоздардан көз жазды. Оның арасында елі сүйген жазушы да, әнші де, саясаткер де бар, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оппозициядағы алып тұлға өмірден өтті

Ұзақ жылдар Нұрсұлтан Назарбаевтың билігіне қарсылығын білдірген оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин де 2023 жылдың 18 мамырында өмірден өтті. Соңғы жылдары денсаулығы сыр берген саясаткер 74 жасында қайтыс болды.

Жасарал Қуанышәлин 1994-1995 жылдары Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған. Кейін оппозицияға өтіп, түрлі ұйымның қатарында билік саясатын ашық сынап келді. Президент сайлауына түсуге де ниет білдіргенімен, кандидат ретінде тіркеле алмаған.

Бес облысты басқарған Бердібек Сапарбаев та дүние салды

10 маусым күні Семейде орман өртеніп жатқанда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев қайтыс болды.

Биыл 70 жасқа толған Бердібек Мәшбекұлы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Талап ауылында дүниеге келген. Ол тәуелсіз Қазақтан тарихындағы бес облысты басқарған әзірге жалғыз әкім. Мемлекеттік қызметте 40 жылдан астам еңбек еткен. Қайраткер тұлғамен қоштасу Алматы қаласында өтті. Оның денесі Кеңсай-2 зиратына, марқұм ұлының қасына жерленді.

Ақын жүрегі тоқтады

Қазан айында белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы 74-ке қараған шағында дүние салды.

Ақынның соңғы кездері дерті асқынып, біраз уақыт аурухана төсегіне таңылғаны белгілі.

Ол 1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011 ж.), «Парасат» орденінің иегері (2004 ж.). Таңдамалы жеті томдығы «Фолиант» баспасынан (2015 ж.) жарық көрген эпик ақын. Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастайды. 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітірген.

Өнер саласы ойсырап қалды

Биыл белгілі әнші, «Дос-Мұқасан» ансамблінің солисі Ақжол Мейірбеков пен танымал театр және кино актері Асқар Наймантаев өмірден өтті.

Ақжол Мейірбеков 1950 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Арыс қаласында туған.

Ақжол Нұсқабекұлы 1978 жылы «Дос-Мұқасан» ансамбліне қабылданады. 1985-1994 жылдары Алматы облыстық филармониясының «Арқас», «Сазген», «Адырна» ансамбльдерінде қызмет етіп, 1994-1996 жылдары «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болды. 2001 жылы «Ақжол» ән-театрын құрған.

Белгілі әнші 2010 жылы қайтадан «Дос-Мұқасан» тобына оралып, осы күнге дейін ансамбльдің әншісі болды.

Ақжол Мейірбеков – «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев  1965 жылы 17 маусым күні Алматы облысы  Нарынқол ауылында дүниеге келген. Актер «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы көпшілікке танымал. Республикамыздың эстрада өнерінің тарихында Асқар Наймантаев ашқан «Терісқақпай», «Аққу-Гәкку» комедиялық театрларының орны ерекше. 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырларын дәріптеуші ретінде де едәуір еңбек етіп, «Бүгін менің туған күнім» атты концерттік жобасы республикалық телеарналар арқылы бірнеше жыл қатарынан өткен дәстүрлі халық сүйген жобаға айналды. «Мұқағали атындағы сыйлықтың» құрылтайшысы болып, Мұқағали мұрасын дәріптеуге еңбек еткен жазушы, ақын, әнші, композиторларды марапаттады.

Қазақ футболы қара жамылды

Отандық футбол тарихындағы ең жарқын ойыншылардың бірі Сейілда Байшақов 73 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Сейілда Икрамұлы 1950 жылы 28 тамызда Тараз қаласында туған. Ұзақ жылдар Алматының «Қайрат» клубының тасқамал қорғаушысы болды. 1977 жылы КСРО құрамасы сапында екі ойын өткізді. Сөйтіп, КСРО құрамасында доп тепкен алғаш және соңғы қазақ болды.

«Қайрат» сапындағы ең соңғы ойынын 1981 жылы 4 сәуірде «Таврияға» қарсы өткізді. Бұл ойында есеп ашылмады. Соңғы голын сол жылы 26 наурызда Мәскеудің «Торпедо» клубының қақпасына салды. Бұл оның КСРО чемпионаттарындағы 11-голы болды.

Футболмен қоштасқан соң, келесі жылы «Қайраттың» бас жаттықтырушысы Беца Йожефтің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Бұл қызметті 1988 жылға дейін атқарды.

2007-2016 жылдар аралығында Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болды. Одан кейін федерацияның президенті қызметін атқарды. 2020 жылы Президенттің жарлығымен «Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасына – 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

Назарбаевтың інісі ұзаққа созылған дерттен өмірден озды

Биыл 13 қарашада ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев 71 жасында дүниеден озды.

Болат Назарбаев Шамалғандағы ауылшаруашылық техникумын механик мамандығы бойынша және Қарағандыдағы Заң институтында заңгер мамандығына оқыған.

«Шамалған» кеңшарында механизатор, директордың орынбасары қызметтерін атқарып, ұсақ мал терісін сату саласында кәсіпкерлік қызметті жүргізді, «Іңкәр Агро» ЖШС вице-президенті болды.

2016 жылы Назарбаев «Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық ұйымын құрды. 2022 жылдың шілдесінде БАҚ Болат Назарбаевқа пневмония, тромбоз және қант диабетімен асқынған көмей обыры диагнозы қойылғанын жазды.

Министрмен бірге оқыған IT маманы үйінді астында қалып қойды

Биыл Түркиядағы жер сілкінісі кезінде Антакиядағы үйінді астынан Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирболат Құрмашевтің денесі табылды.

Жер сілкінісі кезінде ол әріптестері Әділ Қадырбеков, Сабина Мамадьярова және Құбылай Кескинмен бірге Хатай провинциясында болған.

Мирболат Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинмен бірге оқыпты.

«Мирус екеуіміз курстас болдық. Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер істегісі келетін. Дінге берік адам еді.  Астана хабты құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда ол көп көмек етті, тегін, ешқандай келісімсіз. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесі мен көмегін қосты», - дейді Бағдат Мусин.