Министр көрші елдің жобасы туралы айтты
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Өзбекстанның Шардара су қоймасының маңындағы көлде атом электр стансасын салу жобасы туралы айтты. Журналистер оған Үкіметтің баспасөз орталығында «Өзбекстан Қазақстанды ескертті ме?» деп сұрақ қойған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ташкенттен әлі ресми сауал түскен жоқ. Бірақ көршілес ел ретінде Астананың келісімін алуға міндетті. Жалпы атом электр стансаларын салу бойынша олар да әртүрлі варианттарды қарастырып жатыр. Бірақ олар ресми түрде бізбен, мынау шекаралас мемлекеттермен міндетті түрде хат жолдап, болмаса мұны бізбен ақылдасады. Біз де өткенде қарастырдық қой, сол сияқты нақты шешім қабылданды деп айтуға болмайды», – дейді Нысанбаев.
Оның айтуынша, Балқаштың түбінде АЭС салу керек деген шешім де қабылданбаған. Тіпті салына ма деген мәселе тұр.
«Қоғамда бұл атом электр стансасы жөнінде пікір туындап жатыр. Сол себепті бұл мәселе аяғына дейін шешілмеген», – деді министр.
Нысанбаевтың айтуынша, Өзбекстан қарастырып жатқан нұсқалардың ішінде Сырдария бойынан АЭС салу ұсынысы да бар. Министр мәселені олар да жан-жақты қарап жатыр дейді.
«Су керек. Сырдарияның бойынан дейді, одан-бұдан дейді. Бірақ нақты шешім жоқ. Олар ізденіп жатыр. Оның бәріне тиісті мамандар баға береді. Ол қандай электр стансасы болады, оның буыны қандай болады, екінші ме, үшінші ме, төртінші ме... Оған жауап беретін мен маман емеспін. Сол себептен мамандар жауап береді. Ал техникалық шешімдері жағы біздің министрліктің құзыретінде емес. Техникалық шешім қабылданғаннан кейін ғана біз оларды өзіміздің заңға сәйкестендіріп қараймыз. Өкінішке қарай, әзірше оған ешқандай жауап бере алмаймыз», – деген министр.