«Алтын белгіге» үміткер еді: Мұғалімдер жол апатынан қаза болған оқушылары туралы айтты

Qaz365.kz редакциясы

Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр

Instagram/ dan_news.kz

Ақтөбе облысында пәндік олимпиадаға бара жатып қайтыс болған оқушылардың бірі 10, екіншісі 11-сыныпта оқыған. Мұғалімдері екеуі де мектептің мақтанышы болғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

«Дәулет Қонақбай өте алғыр, озат оқушымыз еді. Биыл мектеп бітіргелі отырған түлегіміз. "Алтын белгіден" үміткер. Математикадан жүйрік болды. Пәндік олимпиадаға да осы пәннен қатысуға бара жатқан еді. Ал 10-сыныпта оқитын Назкен Сайранқызы сабақты жақсы оқып қана қоймай, спортқа бейім болды. Гір көтеруден ауданның чемпионы, облыстық жарыстың жүлдегері, ал қол күрестен облыс чемпионы болды. Жарқырап тұрған балалар еді. Қазасы қабырғамызды қайыстырды», – деп еске алды Темірастау  орта мектебінің ұжымы.

Оқушыларды олимпиадаға апарған көлік жүргізушісі қамауға алынды.

Еске салайық, 19 желтоқсанда сағат 8:30 шамасында Құрылыс ауылының маңындағы Самара – Шымкент автожолында жол апаты болды. Toyota Alphard автокөлігі мен Volvo жүк көлігі соқтығысқан. Салдарынан Toyota Alphard автокөлігінің жолаушылары, ер адам (мұғалім) және 2007 жылы туған екі оқушы оқиға орнында қаза тапты. Олар республикалық пәндік олимпиаданың аудандық іріктеу кезеңіне бара жатқан.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.