Несиесін төлемегендерге жаңа кредит берілмейді
Мәжіліс депутаттары қазақстандықтардың борыш жүктемесін азайту үшін кредит беруге қатысты түзетулерді қабылдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Төменгі палатаға «Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы түскен. Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев қазір табысы жоқ болса да, ана жерден бір несие алып, оны екіншісімен жауып жүргендер көп деп отыр.
«Ешқандай табыс көзі жоқ, бірақ бірнеше несие алып жүргендер бар. Мысалы, бір жерден 100 теңге алса, бір айдан кейін тағы бір жерден 120 теңге алып жабады. Осылай жинала береді. Арты проблемаға ұласады. Сондықтан табысы жоқ жастарға 21 жасқа дейін несие беруге тыйым салуды көздеп отырмыз. Ал тұрақты табысы бар 21 жастан асқандарға микрокредит беріледі. Сонымен қатар пайыздық ставканы төмендетуді қарастырып жатырмыз», – дейді Берік Бейсенғалиев.
Заң жобасы мынадай өзгерістерді көздейді:
• кредиттер бойынша мерзімі өткен жағдайда азаматтарға жаңа тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу;
• 90 күн өткеннен кейін барлық кредиттер бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу;
• банктердің және МҚҰ-ның коллекторлық агенттіктерге азаматтардың кредиттерін сатуын шектеу;
• коллекторлық агенттіктердің сатып алынған берешекті реттеуді жүргізу міндетін енгізу;
• НҚА сәйкес, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен тұтынушылық банктік қарыздың мерзімі, сомасы және өзге де шарттары бойынша шектеулер белгілеу;
• кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салу.
• банктерге өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді бұрынғы иесіне (қарыз алушыға) жалға беруге мүмкіндік беру;
• төлем талабын қойған кезде банктік шотта кемінде 2 ПМ мөлшерінде ақшаны сақтау;
• кредит алудан ерікті түрде бас тартылған жағдайда азаматтардың кредиттері бойынша борышты есептен шығару.
• әскери қызмет кезеңіне мерзімді сарбаздар үшін сыйақысыз кредиттер бойынша міндетті кейінге қалдыруды енгізу.
Бұдан басқа, заң жобасында өзгерістер енгізуді көздейтін нормалар бар.
Депутаттар бастамашылық еткен заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысы 2023 жылғы 12 қарашада алынған. Бастамалардың көпшілігі қолдау тапқан, бірақ сонымен бірге кейбір тұжырымдамалық ұстанымдар бойынша, атап айтқанда, коллекторлық компанияларға қарыздарды сатуға тыйым салу бойынша Үкімет депутаттар келіспейтін және жұмыс топтарында осы норманы енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыратын балама ұстаным ұсынып отыр.