«Жау қуып келе жатқандай асығудың қажеті жоқ»: Бапи латын әліпбиіне көшу туралы айтты

Qaz365.kz редакциясы

Латын әліпбиіне көшудің кешеуілдеуіне не себеп 

Qaz365.kz коллажы

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылы латын әліпбиіне көшу туралы айтқан болатын. Қазір осы процесс баяулап қалды. Мұның себебі неде? Журналистер Мәжіліс кулуарында депутат Ермұрат Бапиге осы сұрақты қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутат әуелі Назарбаев басқарған тұста әлемдік геосаяси жағдай басқа болғанын еске алады. Қазіргідей соғыс болмағандықтан, жеңілдеу болғанын жасырмайды.

«Тоқаевтың саясаты әлдеқайда бөлектеу. Ол байыпты, кезең-кезеңімен қозғалып жатыр. Тәуелсіздікке байланысты құттықтауында да өзгерістерге қадам-қадаммен барамыз деп айтты. Халықаралық деңгейдегі мәселелердің бәрін дипломатиялық тұрғыда шешуді көздейді», – дейді Ермұрат Бапи.

Ол бұл ретте латын әліпбиіне көшуіміздің кешеуілдеуіне Ресей факторының әсерін жоққа шығармайды.

«Екі мемлекеттің арасында 7,5 мың шақырымдық шекара бар. Елімізде орыстар көп, орыстілді қазақтар да аз емес. Қалыптасқан менталитетті білесіздер. Осының бәрін ескеріп отыр деп санаймын. Өз басым экономикалық, саяси дағдарыс кезінде жау қуып келе жатқандай асығудың қажеті жоқ деп санаймын», – дейді депутат. 

Ол осы ретте Ресей мен Украина арасындағы соғыс нәтижесі көп нәрсені шешеді деп отыр. Тіпті, саяси карта өзгеріп кетуі әбден мүмкін.

Еске салайық, былтыр Президент Тоқаев қазақ тілінің латын графикасына көшуіне жан-жақты, терең талдау жасап, оның негізінде қазақ тілі орфографиясының жаңа қағидаларын әзірлеу, жаңа орфографиялық сөздіктегі сөздердің жазылуын қайта қарау жөнінде А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына тапсырма берген болатын.

2023 жылғы 12 сәуірде өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында Мемлекет басшысы әліпбиді кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне механикалық түрде көшіре салмай, қазақ тіліне реформа жасау туралы тапсырма берді.