Алматының бірнеше көшесін су басты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасыың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мыңбаев көшесі 49 мекенжайында су құбырының жарылуына байланысты сағат 3:40-тан бастап солтүстік ағытта орналасқан көшелерді, оның ішінде Әуезов көшесін су басқан. Су Райымбек даңғылына дейін жеткен, ол жерден мүмкіндігінше арық желісіне бұрылып жатыр.
"Көктайғақтың алдын алу үшін Алматы тазалық МҚК қызметкерлері жол бойына 18 құмсепкіш көліктің күшімен, тротуарларға 4 тротуар тазалаушы көлікпен көктайғаққа қарсы материал себуге кірісті. Апаттың салдары бүгінгі күннің аяғына дейін реттелетін болады. Су басқан орындарда көктайғақ жабынының пайда болу ықтималдылығын ескере отырып, жүргізушілерді жылдамдықты азайтып, көлік арасындағы арақашықтықты сақтап, апатты жағдайды туындатпас үшін оқыс әрекет жасамауға шақырамыз. Аталған аумақтарды мүмкіндігінше айналып өтуге кеңес береміз. Жаяу жүргіншілерді тротуарлармен жүргенде сақ болуға шақырамыз", - делінген хабарламада.