Жол сапасын бақылаушы мекеме жаңадан орнатылған белгілерді тексеруде
Қаладағы қозғалыс қауіпсіздігі жол жиегіндегі белгілерге тікелей байланысты. Олардың талапқа сай болуы, дұрыс орнатылуы, түнде көрінуі – өте маңызды факторлар. Көп жағдайда жол жөндеуші мердігер компаниялар белгілерді асығыс орнатып, олардың белгіленген стандартын ескере бермейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Көлік жүргізушіге де, жаяу жүргіншіге де бағдар беретін белгілердің дұрыс орнатылуын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мекемесі қадағалайды. Биыл Алматы қаласында бірнеше көше ұзартылып, жаңа жол белгілері қойылды. Тапсырыс берушінің келісімшарты негізінде Алматыдағы жол сапасын бақылаушы мекеме жаңадан орнатылған белгілерді тексеруде. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы филиалының бөлім басшысы Айдар Бейспековтің айтуынша, ең алдымен белгілердің күндіз және түнде жарық шағылыстыру деңгейі өлшенеді.
«Биыл Алматыда ұзартылған көшелердің бірі – Әйтеке би. Ол Байтұрсынов көшесінен Досмұхамедов көшесіне дейін ұзарған. Сәйкесінше, осында жол салған «Асмар» ЖШС жаңа жол белгілерін орнатты. Олардың талапқа сай болуын ретрорефлектрометр құрылғысымен тексердік», – дейді мекеменің бөлім басшысы.
Сонымен қатар 2023 жылы Алматының шығысындағы Бұқтырма – Құлжа тас жолы қиылысында жаңадан салынған жолайрық маңында да жол белгілері көптеп орнатылған. Аталған мекеме жаңа белгілерді түгелдей тексеріп шықты.