12 сараптама тағайындалды
Бүгін Үкімет отырысынан кейін Әділет министрі Азамат Есқараев Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«12 сараптама тағайындалды. Оның 11 сараптамасының қорытындысын құқық қорғау органдарына жібердік. Ал салыстырмалы түрде жақында тағы 12 сараптама алынды, қазір ол бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Заңнамаға сәйкес, сараптама 30 күнге дейін жүргізілуі мүмкін. Ал сараптама қорытындысы аяқталған соң, белгіленген тәртіппен Ішкі істер министрлігіне жібереміз», – деді министр Есқараев.
Бұған дейін Бишімбаевтың әкесі БАҚ пен блогерлерге қарсы арыз жазып, түсініктеме берген болатын. Нүкеновтер отбасының адвокаттары да алғаш рет пікір білдірді.
Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.
Қылмыстық іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.