Аида Балаева Мәди Ахметовке қатысты сұраққа шыдамай күліп жіберді

Qaz365.kz редакциясы

Мәди Ахметов Алматы облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болып тағайындалған еді

1-фото: inform.kz; 2-фото: kp.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан журналистер жаңа қызметке тағайындалған Мәди Ахметов жастарға не үйрете алатынын сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Журналистің Мәди Ахметов туралы сұрағына Аида Балаева күліп жіберді. «Ол жастарға не үйрете алады?» деген сұрақ министрге күлкілі естілсе керек.

«Ол адамның кәсіби қыры мен саяси көзқарастары бар. Оны бөлу керек деп есептеймін. Себебі біз қанша дегенмен құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Тиісінше, жекелеген адамдар белгілі бір партияның немесе қоғамдық қозғалыстың мүшесі болуы мүмкін. Сондықтан, бұл жерде кәсіби қыры мен саяси көзқарасын бөліп қарау керек. Маман ретінде Мәди Ахметов бәлкім, осынау жауапты қызметке шақырғанына қарағанда, мықты деңгейдегі маман болса керек», – дейді Аида Балаева.

Еске сала кетсек, таяуда бұрынғы Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов Алматы облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болып тағайындалған еді

Мәди Ахметов әлеуметтік желіде қызметке тағайындалғаннан кейін жазба жариялады.