«Қазақмыстың» Жыланды кенішінде жұмысшы қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы

«Қазақмыста» жұмысшы қаза тапты

Фото: rawpixel

«Қазақмыста» кенші қаза тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz.  

«Қазақмыс» компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, жазатайым оқиға 2023 жылдың 26 желтоқсанында Ұлытау өңірінде орналасқан Жыланды кенішінде болған.

«Сағат 18:30-да «Шығыс Сары-Оба» кенішінің учаскелерінің бірінде жер астында өздігінен жүретін машинаны жүргізу барысында 1992 жылы туған машинисті абайсызда қағып кеткен. Нәтижесінде қызметкер алған дене жарақаттарынан қайтыс болды. «Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен еңбек ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады», – делінген хабарламада.

Компания апаттың мән-жайы мен себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрған.

Айта кетейік, кеше ғана Үкімет отырысында Премьер-министр «Қазақмыс» кәсіпорындарында өндірістік жарақаттану 3 есе артқанын айтты. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстанда жылына 2 мыңға жуық адам өндірісте жарақат алса, 200-ден астам азамат қайтыс болады.

Еске салайық, 6 қарашада «Қазақмыс» компаниясына қарасты Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында жұмысшы қаза тапты. 

Ал 22 қараша күні «Қазақмыс» компаниясының Жезқазған байыту фабрикасында жазатайым оқиғадан бір адам көз жұмды.

Ал 27 қарашада «Kazakhmys» компаниясының «Жайсаң» шахтасында 2 кенші қаза тапты.