Зайытов журналистердің сұрақтарына жауап берді
Бүгін Мәжіліс отырысынан кейін тілшілердің бірі депутат Ринат Зайытовтан америкалық әнші Akon-ның концертінде болған келеңсіз оқиғаға қатысты пікірін сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мұндай жағдай талай болған. Кейінгі кезде ғана емес. Қойыңдаршы. Оның алдында кім келмеді? Уитни Хьюстонның сахнада қисалаңдап жүргенін ұмытып қалдыңыздар ма? Қазір содан басқа мәселе жоқтай, бәріңіз жан-жақтан әншілерді талқылап кеттіңіздер», – деді Ринат Зайытов.
«Депутат ретінде талап қоюға болмай ма?» деп сұрады журналист депутаттан.
«Аманжол Әлтаев өткенде сауал жолдады ғой. Сіздерге таңғаламын. Басқа тақырып жоқтай, шетел әншілерін талқылап жүрсіздер», – деді Зайытов.
Айта кетейік, жақында Астана қаласында өткен кеште америкалық әнші Akon-ға жанкүйерлері іш киім лақтырған болатын. Осы оқиғадан кейін мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай депутаттық сауал жолдады. Ал кеше депутаттың сауалына сәйкес министр Аида Ғалымқызы пікір білдірді. Ол бұл ұят екенін айтқан.