Жәнібектің анасы табылды ма
Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ жігіт туған анасын іздеп жүр деген ақпараттың тарағанына да бір айға жақындады. Бірнеше телеарна өздеріне шақырып, анасын табуға көмектесіп жатыр. 27 желтоқсанда «Еуразия» арнасындағы «Көреміз» бағдарламасы да алдын ала анонс жасап, қызықтырып қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Араға 21 жыл салып тастанды бала анасымен қауыша ала ма?» деп жарияға жар салынғанымен, бағдарламада баланың анасы табылмады. Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында тұратын бір әйел Алматыға келіп, ДНК тапсырғанымен, биологиялық байланысы 0 пайыз болып шықты. Ол әйелдің айтуынша, 2002 жылы бір жігіттен аяғы ауыр болып, Арқалықтағы туысының үйінде босанған. Сосын баласын тастап кеткен. Бірақ оның баласы Жәнібек емес.
Бұған дейін Қымбат Досжан да «Бармысың, бауырым?» бағдарламасына шақырып, көмектесіп жатқанын жеткізген. Журналист Бельгиядан анасын іздеп келген Жәнібектің туған анасы болуы мүмкін 3 әйел анықталғанын айтқан. Әзірге біреуі ғана ДНК тапсырған. Бельгияда өскен қазақ жігіті өзі де бүгінгі эфирден үлкен үміт күтетінін айтып еді.
«Құрметті қазақ елі қуанышты жаңалық бар! Бүгін болжамды екі ананың ДНК сараптамасының нәтижесі белгілі болмақ! Аз уақыт қалды, мен де дәл қазір толқып отырмын. Анашымды тауып, құшағыма аламын деген үміттемін», – деп жазды ол.
Айта кетейік, өзін «Эддижан» деп таныстырған еуропалық жігіттің шын есімі – Жәнібек. Туған анасы туа сала перзентханаға тастап, ізім-ғайым жоғалған. Ал 2 жасында баланы Бельгиялық отбасы бөбектер үйінен асырап алып, бауырына басқан.
Жәнібек қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп өсірген.
Ең бастысы, анасын іздеп келген жігіт телерейтингтердің құрбаны болмай, іздегенін тапса екен дейміз.