Қызылшадан 2 бала көз жұмды
Қызылшадан 2 бала көз жұмды, 15 баланың жағдайы ауыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қызылша ауруынан 2 бала өлімі тіркелді. Олар – бір жасқа дейінгі балалар және қызылшаға қарсы екпе алу жасына толмаған. Бұл оқиға Астана мен Шығыс Қазақстан облысында болды. Шетінеген балалардың бірі шала туған. Ол бұған дейін де аурушаң болған және қызылша жұқтырған», – деді Айжан Есмағамбетова Сенат кулуарында.
Қазақстанда қызылшаға байланысты эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Сарапшылар вакцина салдырмаған балалардың қызылшадан көз жұмуы мүмкін екенін ескертті.
Денсаулық сақтау министрлігі вакцина салдыруға қарсы ата-аналарға қатысты сараптама жүргізген. Соған сәйкес, ата-аналардың бір бөлігі жеке ұстанымы бойынша вакцина салдыруға қарсы. Бір тарап діни наным-сенімі бойынша салдырмайды. Енді бірі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенінің аражігін ажырата алмай жүр.
Ол 15 баланың жағдайы ауыр екенін айтты.
«Олардың барлығы өңірлерде. Денсаулық сақтау министрлігі әрбіреуінің жағдайын бақылауда ұстап отыр», – деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова.