Алматыдағы автобус апаты: үшінші марқұмның туыстары кімнен көмек сұрарын білмей отыр

Qaz365.kz редакциясы

Марқұмның денесін тану оңайға соқпаған

Фото: ашық дереккөзден

Басы мыжылып, түрі адам танымастай болды. Алматыда автобус астында жаншылып көз жұмған марқұм Айдос Әлменбаевтың туыстары кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Жалғыз асыраушысынан айырылған отбасына ешкім қол ұшын созбаған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Туыстарының айтуынша, көмек түгілі, автобус паркінен бірде-бір адам көңілін сұрап келмеген. Үш баласымен жалғыз қалған ана әділдік іздейді. Марқұм Айдос отбасының жалғыз асыраушысы болған. Микроавтобус айдап, күнделікті нәпақасын тауып жүріпті. Апат болған күні Райымбек даңғылының бойындағы аялдамаға тоқтап, бой жазбақ болады. Көліктен түсе бергенінде қоғамдық көлік қағып өтеді.

«Егер баламның автобусы тұрмағанда, аялдаманың ішіне кіргенде, білмеймін, қанша адам қырылып, жаяу жүргінші жолдың ішіне кіріп кететін еді. Сол баламның спринтері қанша өмірді сақтап қалды. Көзі шығып кеткен. Жарты басы жоқ. Қолы сынған. Денесінің сау жері жоқ. Машинасын жасап шыққанына екі-ақ күн болған», – дейді марқұмның әкесі Қыдырғали Әлменбаев.

Қайғыдан қан жұтқан отбасына марқұмның денесін тану оңайға соқпаған. Қатты соққыдан басының сау-тамтығы қалмапты.

«Сараптама басы жарылған деді. Білмеймін, айта алмаймын, анау адамның маған түрі таныс емес. Қолын ашып берді, аяғын ашып көрсетті. Сол екеніне көзім жетті. Әлі де сенбейміз, шын айтқанда. Ипотекамызды да төлеп отырған. Бағып-қағып отырған. Екеуі де кінәлі болып отыр. Мен айта алмаймын, бір адам кінәлі деп», – дейді марқұмның әйелі Айнұр Құсайынова.

Отағасының артында шырылдап үш қызы қалды. Екеуі кәмелетке де толмапты. Ең үлкені – 19, екіншісі – 12, үшіншісі небәрі төрт жаста. Әсіресе кішкентайы жатса да, тұрса да әкесін іздейді. Қара жамылған отбасы апатқа автобус жүргізушісінің тікелей қатысы барын айтады. Әйелдің де жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

«Ол әйел тірі. Аллаға шүкір, ауруханада, тірі. Ал мұнда менің бауырымның үш қызы қалды. Әйелі өзі пәтерде отыр. Ипотекаға алды. Тапсырыс аламыз. ЖК бар. Сол арқылы бала-шағасының нәпақасын тауып, киімін, тамағын осы жігіт тауып беріп отырған. Ата-анасын да осы жігіт асырады», – дейді марқұмның досы Ыбырай Көшербаев.