Сенат спикері бұл мәселеге әріптесінің бірнеше рет жауап бергенін еске салды
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Әнұран авторлығына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
БАҚ өкілдері оған «Әлеуметтік желіде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты Әнұран авторлығынан алып тастауға қатысты ақпарат жарияланып жатыр. 2024 жылы «Авторлық құқықты қорғау туралы» заң қарастырылғанда Әнұран авторлығынан Нұрсұлтан Назарбаевтың атын алып тастау мүмкін бе?» деген сұрақ қойды.
Сенат спикері бұл мәселеге бұған дейін әріптесінің бірнеше рет жауап бергенін еске салды.
«Бұл мәселеге әріптесіміз бірнеше рет жауап берген. Бұл қазір депутаттар айналысатын ең өзекті мәселе емес шығар. Реформаға қатысты көптеген мақсат бар... Осы қыстан дұрыс өтуіміз керек. Бұл мәселеге әріптесіміз де жауап берді ғой», – деді Әшімбаев.
Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Әнұран авторлығынан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі алынып тастала ма деген сұраққа жауап берген еді.