Талдықорғанда екі айдан бері жоғалып кеткен оқушы қыздың ісіне полиция араласты

Qaz365.kz редакциясы

Жоғалған қыздың ата-анасы, туыстары мен жақындарынан жауап алынуда

Instagram, halyk_zhurnalist.kz / gov.kz

Талдықорғанда екі айдан бері 14 жастағы оқушы қыз жоғалып кеткен. Бұл туралы бүгін журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қыздың нағашысы айтқан болатын. Енді, осыған байланысты Талдықорған полициясы түсінік берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«28 желтоқсанда Талдықорған қаласының полиция бөліміне мектептердің бірінің басшылығынан бірнеше ай бойы сабаққа қатыспаған 14 жастағы оқушының жоғалып кеткені туралы ақпарат келіп түсті. Кәмелетке толмаған оқушыны іздеумен Талдықорған қалалық полициясының қызметкерлері айналысуда. Оның жоғалуының барлық мән-жайлары анықталуда. Іздестіру іс-шараларына облыстық департаменттің іздестіру бөлімінің жедел уәкілдері мен жақын орналасқан аудандардың полицейлері де тартылған. Жоғалған қыздың ата-анасы, туыстары мен жақындарынан жауап алынуда. Бейнебақылау камералары қаралып, такси аялдамалары тексеріліп жатыр. Сондай-ақ  жоғалған қызды тез арада табуға  бағытталған басқа да іс-шаралар жалғасуда», – делінген Талдықорған қалалық полиция басқармасының хабарламасында.

Айта кетейік, қыздың анасы өгей әкесімен бірге тұрады. Нағашысының айтуынша, күйеуі оны ұрып, қысым көрсетеді. Жоғалған қыздың оқиғасына да соның қатысуы болуы мүмкін.