Алматыда шешесі таксиде ұмытып кеткен кішкентай қызға қатысты жаңа дерек шықты

Qaz365.kz редакциясы

Бұған дейін анасымен таксиге отырған 4 жасар қызға іздеу жарияланған

Фото: pixabay.com

Алматы полиция департаменті Жамбыл ауданынан Алматыға бағыт алған таксиде анасы қалдырып кеткен 4 жастағы қыздың табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Полиция мәліметінше, төрт жасар Мармар Қалмақбайдың анасы қызын Жамбыл ауданынан Алматыға келе жатқан таксиде ұйықтатып, ұмытып кеткен.

Lider kz волонтерлерінің хабарлауынша, 2 қаңтар кешкі сағат 20:00 шамасында 39 жастағы Бақытгүл Қалмақбай кішкентай қызымен бірге Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылынан Алматы қаласына жету үшін Алматы-Бішкек тасжолында көлік тоқтатқан.

Сағат 20:49 шамасында әйел ұйықтап жатқан баланы белгісіз ақ көлікте қалдырып, өзі Райымбек даңғылында Б.Момышұлы көшесіне жетпей түсіп қалған.

Бүгін таңертең Мармарды полицияға көлік жүргізушісі әкелді.

«Кішкентай қыз аман-есен табылды. Полиция Мармарды ата-анасына тапсырды», – деп хабарлады ведомствода.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда анасымен таксиге отырған 4 жасар қызға іздеу жарияланған.