Зардап шеккен 5 адам ауруханаға жеткізілген
Атырауда тұрғын үйде газ жарылып, күйік шалған 5 адамның біреуі бүгін жансақтау бөлімінде қайтыс болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 қаңтарда өрттен зардап шеккен 5 адам ауруханаға жеткізілген.
«Оның ішінде үш ересек адам облыстық, ал екі жасөспірім балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Бәрінің жағдайы ауыр деп бағаланды. Бүгін, 3 қаңтарда 1965 жылы туған ер адам ауруханада қайтыс болды. Қалған науқастардың жағдайы әлі де ауыр деңгейде қалып отыр. Науқастар ауруханалардың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер науқастардың жағдайын бақылауға алып, барлық ем-дом шарасын жүргізіп жатыр», – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұдан бұрын Атырауда тұрғын үйде газ жарылып, 5 адамды күйік шалғаны хабарланған. Өрт Атырау қаласының маңындағы Көкарна ауылында болған. Тұрғын үйде газ-ауа қоспасының дүмпуінен жарылыс болған. Жарылыс салдарынан тұрғын үйдің 9 шаршы метр қабырғасы құлап, 140 шаршы метр алаңы жанып кеткен.